
Өскеменде полицейлер түтінге оранған үйдің тұрғындарын құтқарып қалды
9 қаңтар күні сағат 20:30 шамасында «102» арнасына Шығыс Қазақстан облысының орталығындағы тұрғын үйлердің бірінде, бірінші қабаттан түтін шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына патрульдік полицияның екі экипажы шұғыл жетті. Олардың құрамында полиция аға лейтенанты Мәлік Темірбек пен полиция кіші лейтенанты Самат Наменов, сондай-ақ полиция аға лейтенанты Айхат Әміртай мен полиция лейтенанты Мақсат Қадылбеков болды.
Тәртіп сақшылары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдап, құтқарушыларға көмек көрсетті.
Бірінші қабаттағы өртеніп жатқан пәтердің ішінен Айхат Әміртай мен Самат Наменов екі адамды сыртқа алып шықты. Зардап шеккендерге оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
Сонымен қатар, полицейлер жоғарғы қабаттар мен көрші пәтерлердегі тұрғындарға үйлерінен қауіпсіз шығуға көмектесті. Полиция қызметкерлері мен құтқару қызметтерінің үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында ауыр салдардың алды алынды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі