
ШҚО-да цифрлық технологиялар жоғалған жасөспірімді табуға көмектесті
Шығыс Қазақстан облысында бейнесараптама жүйесінің көмегімен жоғалған кәмелетке толмаған баланың орналасқан жері жедел анықталды.
24 желтоқсанда Глубокое аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын өтінішпен жүгінген. Анасының айтуынша, оның 16 жасар ұлы 22 желтоқсанда үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған. Бұған дейін де осындай жағдайлар қайталанғаны белгілі болды.
Хабарлама түскен бойда іздестіру шаралары ұйымдастырылып, бейнебақылау жүйесінің мүмкіндіктері іске қосылды. Нәтижесінде жасөспірім Өскемен қаласынан табылды.
Полиция қызметкерлері анықталған мекенжайға барып, баланы анасына аман-есен табыстады. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Жасөспірімнің жай ғана серуендеп жүргені анықталды. Онымен және оның заңды өкілімен профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Айта кетейік, бейнесараптама жүйесі ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде жүйе хабар-ошарсыз кеткен 2 адамның орналасқан жерін анықтауға, сондай-ақ іздеуде жүрген 38 тұлғаны ұстауға септігін тигізді. Жалпы, 2025 жылы полиция қызметкерлері жоғалған 37 жасөспірімді тапты.
Шығыс Қазақстан облысын Полиция департаменті ата-аналарға бала қауіпсіздігіне баса назар аударуды, олардың достар ортасын мән беруге, мінез-құлқындағы кез келген өзгеріске дер кезінде көңіл бөлуді ескертеді. Ал балалар үшін әрдайым сақ болып, қандай да бір қиындық туындаған жағдайда бұл туралы ересектерге дереу хабарлаудың маңызы зор.
ШҚО ПД баспасөз қызметі