
ШҚО полициясы Өскемен – Семей тасжолында қалған 9 жолаушыға көмек көрсетті
Өскемен – Семей автожолының 64-шақырымында қала бағытынан келе жатқан рейстік «Газель» маркалы шағын автобус жолдың шетіне шығып кеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші қауіпсіз жылдамдықты таңдамаған және ауа райы жағдайларын ескермеген, соның салдарынан көлік құралын басқаруда қиындыққа тап болған.
Автобус ішінде 9 жолаушы болған. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көлік құралын көтеруге көмек көрсетті. Алайда техникалық ақауларға байланысты шағын автобус қозғалысын жалғастыра алмайды.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жолаушылармен бірге оқиға орнында қалып, олардың жол сапарын жалғастыруына жағдай жасалуда. Жағдай полицияның бақылауында.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті жүргізушілерге жол және ауа райы жағдайларын ескеріп, белгіленген жылдамдық режимін, арақашықтықты және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертеді. Әсіресе жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілерге ерекше жауапкершілік жүктелетінін, себебі олардың әрбір әрекеті адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететінін еске салады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі