
Шығыс Қазақстан облысында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» республикалық акциясы басталды
Ел бойынша «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» республикалық акциясы басталды. Оның аясында ШҚО ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері Өскемен қаласының өнер мұражайында дәріс өткізді.
Дәріс барысында қатысушыларға агрессордың жәбірленушімен байланысын шектейтін қорғау нұсқамалары, зорлық-зомбылық үшін туындауы мүмкін жауапкершілік түрлері, сондай-ақ жәбірленушілер уақытша баспана, психологиялық және заңгерлік көмек ала алатын дағдарыс орталықтарының жұмысы туралы түсіндірілді.
«Отбасындағы зорлық-зомбылық — бұл жақындарымыздың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдай. Көп адам көмек сұрауға қорқады, бірақ есте сақтау керек: сіз жалғыз емессіз. Полиция мен дағдарыс орталықтары әрбір адамға қолдау көрсетіп, қорғауға дайын. Ең бастысы — үнсіз қалмай, дер кезінде әрекет ету», — деді ШҚО ПД ҚҚБ отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бөлімі бастығы, полиция подполковнигі Алена Мокина.
Шара отбасы мен жақындарды қорғау — тек полицияның міндеті емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін көрсетті.
Акция адамдарға зорлық-зомбылық фактілеріне бейжай қарауға болмайтынын, ал уақытылы көрсетілген көмектің отбасының өмірін және сенімін сақтап қалуға мүмкіндік беретінін түсінуге көмектеседі.
ШҚО ПД баспасөз қызметі