
ШҚО-да полицейлер 10 миллион теңге ұрлығын ашты
«102» арнасына Өскемен қаласының 34 жастағы тұрғыны хабарласып, үйіне біреудің кіріп кеткенін айтқан. Алғашқы алынған мәліметтер бойынша, күдікті дәліздегі пластикалық терезені арқылы кіріп, ақша қаражаты мен зергерлік бұйымдарды ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 10 миллион теңгеден асқан.
Жедел іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері қылмыс жасады деген күдікпен 33 жастағы ер адамды ұстады. Аталған дерек бойынша «Ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды, сондай-ақ оның басқа да осыған ұқсас эпизодтарға қатысы бар-жоғы анықталуда.
Ұрланған қаражат пен әшекейлер иесіне қайтарылды.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті тұрғындарға қауіпсіздік шараларын күшейтуді – дабыл құрылғыларын (сигнализация) орнатуды, сенімді құлыптарды қолдануды және терезелерді қорғаныс торларымен жабдықтауды ұсынады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі