Жүргізушілерге ескерту: қысқы дөңгелектерді пайдалану – міндетті талап

Жүргізушілерге ескерту: қысқы дөңгелектерді пайдалану – міндетті талап
                                                                                         Жүргізушілерге ескерту: қысқы дөңгелектерді пайдалану – міндетті талап
 
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы Кеден одағының №018/2011 «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің талаптарына сәйкес, қыс мезгілі кезінде (желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында) қысқы шиналармен жабдықталмаған автокөліктерді пайдалануға тыйым салынатынын еске салады.
 
Бұл талап жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Қысқы шиналар көлік құралдарының қар басқан немесе мұзтайғақ жолда жақсы жүруін және тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
 
Қысқы шиналар көліктің барлық дөңгелектеріне орнатылуы тиіс және олардың сыртқы бөлігінде үш шыңды тау бейнесі мен ішкі жағында қар ұшқыны белгісі бар арнайы таңба, сондай-ақ «М+S», «M&S» немесе «M S» деген жазуы болуы қажет.
 
Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, жүргізуші қалауы бойынша шипі бар шиналарды пайдаланған жағдайда, көліктің артқы бөлігіне «Ш» белгісін орнатуы қажет. Бұл белгі — қызыл жиекті ақ түсті теңқабырғалы үшбұрыш, ішінде қара түсті «Ш» әрпімен бейнеленген. Үшбұрыш қабырғасының ұзындығы кемінде 200 мм, ал жиек ені қабырғаның 1/10 бөлігіне тең болуы тиіс.
 
Қыс мезгілінде жазғы шиналарды қолданғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
 
Қыс маусымының басталуына және Шығыс Қазақстан облысындағы ауа райы жағдайларына байланысты Әкімшілік полиция басқармасы жүргізушілерге көліктерін алдын ала қыс мезгіліне дайындап, жазғы шиналарын ауыстыруды ұсынады.
 
Қаладан тыс жолдардың жағдайы мен жүріп-тұру мүмкіндігі туралы ақпаратты тәулік бойы мына телефондар арқылы білуге болады:
•77-70-81, 77-60-05 — ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының кезекші бөлімі;
•26-28-08, 24-08-98, 8-777-535-89-08 — «ҚАЖ Сервис» ЖШС диспетчері;
•57-42-52, 8-705-798-05-99 — «ОблШығысЖол» ЖШС диспетчері.
 
Ауа райы нашарлаған жағдайда қала сыртына шығудан бас тарту ұсынылады.
 
Жолдарыңыз ашық, сапарларыңыз қауіпсіз болсын!


                                                                                                                                                                                                             ШҚО ПД баспасөз қызметі