
Жеке деректеріңізді қорғаңыз: ШҚО-да «Hi-tech» жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде
Шығыс Қазақстан облысы аумағында 3–5 қараша аралығында ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын құқық бұзушылықтармен, соның ішінде интернет-алаяқтықпен күрестің тиімділігін арттыру мақсатында «Hi-tech» жедел профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде.
Оның басты мақсаты — жоғары технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алу және олардың жолын кесу, азаматтардың заманауи кибералаяқтық түрлері туралы хабардарлығын арттыру, сондай-ақ жеке деректер мен азаматтардың қаржысын қорғау бойынша шаралар қабылдау.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті ескертеді:
егер сізге бейтаныс адамдар есептегіштерді ауыстыру, коммуналдық қызметтерді тексеру, SIM-картаның жарамдылық мерзімінің өтуі немесе басқа да себептерді сылтау етіп SMS-кодты, банк картасының деректерін немесе жеке ақпаратты сұраса — ешқандай мәлімет бермеңіз! Бұл — алаяқтар.
Полиция облыс тұрғындары мен қонақтарын барынша қырағы болуға шақырады.
Интернет-алаяқтық фактілерін анықтаған немесе күмән туындаған жағдайда бірден 102 нөміріне немесе жедел желі: 23-40-43 нөмірі арқылы хабарласыңыз.
ШҚО ПД баспасөз қызметі