ЗАҢ МЕН ТӘРТІП ӘРҚАЙСЫСЫМЫЗДАН БАСТАЛАДЫ
 
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде қызметкерлердің кезекті гарнизондық жиыны өтті.
 
ШҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков қызметтің басты басымдықтарын атап өтіп, алдағы кезеңге нақты тапсырмалар жүктеді.
 
Ол 2025 жыл Ішкі істер министрі тарапынан «Профилактика жылы» деп жарияланғанын еске салып, бұл тек формалдылық емес, әрбір құқық қорғау органы қызметкері үшін нақты бағыт екенін айтты.
 
«Біздің жұмысымыз жауапкершілік, тәртіп және ұстанымдылықтың үлгісі болуы тиіс. Әрбір полицейден құқықбұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғауға барынша зейін қоюды талап етемін», — деді өңірдің басты полицейі.
 
Ол профилактиканың күнделікті, жүйелі және мұқият жүргізілетін жұмыс екенін, оның тікелей қоғам сенімі мен қызмет беделіне байланысты екенін атап көрсетті.
 
Арнайы назар құқықбұзушылыққа және қызметтік тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілікке аударылды. Департамент бастығы әрбір қызметкер заң аясында әрекет етуі, сабырлы, сыпайы және азаматтарға құрметпен қарауы қажет екенін айтты.
 
«Өздеріңізге талапшыл болыңыздар, бейжайлық пен формализмге жол бермеңіздер. Естеріңізде болсын: заң мен тәртіп сіздерден басталады!» — деп түйіндеді ол.
 
Гарнизондық жиын бөлімшелердің сапқа тұруымен және қызметкерлердің жұмысқа дайындығын тексерумен аяқталды.
                                                                                                                                                                                                               ШҚО ПД баспасөз қызметі