«Жаңа жол» акциясы: полицияның қолдауымен қоғамға қайта оралу

«Жаңа жол» акциясы: полицияның қолдауымен қоғамға қайта оралу

                                                                                         «Жаңа жол» акциясы: полицияның қолдауымен қоғамға қайта оралу

Шығыс Қазақстан облысында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды қолдауға және бейімдеуге бағытталған «Жаңа жол» атты профилактикалық акциясы жалғасуда. Оның басты мақсаты – адамдарға жаңа өмір бастауға, қоғамға қайта оралуға және заң бұзушылықтардың қайталануына жол бермеуге көмектесу.

Полицейлер жұмыспен қамту, медициналық және психологиялық қолдау мәселелеріне ерекше назар аударуда. Полиция қызметкерлері жұмыс берушілермен және медицина мамандарымен бірлесіп, қажетті құжаттарды рәсімдеуге, тексеруден өтуге және кеңес алуға жәрдемдеседі.

Мысалы, Шемонаиха ауданында учаскелік инспектор, полиция майоры Болат Мусин бұрын сотталған азаматқа сантехник болып жұмысқа орналасуға көмектескен. Енді ол ер адаммен тұрақты байланыста болып, оның бейімделуіне жәрдемдесіп, түзелу жолында нық қадам басуына қолдау көрсетеді.

Болат Мусиннің айтуынша, мұндай жұмыс тек акция аясында ғана емес, жүйелі түрде жүргізіліп тұрады. Биылғы жылдың басынан бері Шемонаиха ауданында учаскелік инспекторлардың қолдауымен бас бостандығынан айыру орындарынан оралған үш азамат жұмысқа орналастырылған.

Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары профилактикалық әңгімелер өткізіп, алкоголь мен психобелсенді заттардың зиянын түсіндіруде, салауатты өмір салтын ұстанудың және өз болашағына жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын еске салады.

ШҚО ДП Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Орал Рыспаевтың айтуынша, «Жаңа жол» акциясы барысында полицейлер профилактикалық есепте тұрған азаматтарға да қолдау көрсетуде. Акция басталғалы олардың бейімделу процесін бақылауға 37 полиция қызметкері, соның ішінде басшылық құрам өкілдері жұмылдырылған. Олар бұрын сотталған азаматтарға тұрмыстарын реттеуге, жұмыс табуға және қалыпты өмірге алғашқы қадам жасауға көмектеседі.

«Біздің басты мақсатымыз – тек бақылау емес, адамға өзін қоғамға қажет әрі жаңа өмір сүруге қабілетті екенін сезіндіру», – деп атап өтті полиция полковнигі О. Рыспаев.

«Жаңа жол» акциясы көптеген азаматтар үшін өмірді жаңадан бастауға нақты мүмкіндік беріп отыр.


                                                                                                                                                                                                             ШҚО ПД баспасөз қызметі