
Өскеменде қаза болған полицей Даур Ибраевтың есімі берілген «Жас сақшы» кадет сыныбы ашылды
Өскемен қаласының №30 орта мектебінде полиция қызметкері Ибраев Даур Болатұлының құрметіне ашылған «Жас сақшы» кадет сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Сынып 6-сыныптар базасында құрылып, онда 21 оқушы білім алатын болады. Жобаның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді, Отанға деген сүйіспеншілікті, халыққа қызмет ету мен елді қорғауға деген ұмтылысты тәрбиелеу, сондай-ақ полиция қызметіне және құқық қорғау органдарында қызмет етуге деген қызығушылықты арттыру.
Даур Ибраев 1978 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Ведомстволық жоғары оқу орнын тәмамдап, 2000 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысы полициясының жедел тергеу бөлімшелерінде қызмет атқарған. Бородулиха және Шемонаиха аудандарының ішкі істер бөлімдерін басқарған, ал 2016 жылдан бастап Өскемен қаласы полиция басқармасының бастығы қызметін атқарған.
Ашылу салтанатына Даур Болатұлының ата-анасы, туыстары мен жас кадеттердің жақындары қатысты. Болашақ құқық қорғаушылардың қатарына қабылдау рәсімін Өскемен қаласы полиция басқармасының қызметкерлері мен ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Манапов өткізді.
Серік Манапов өз сөзінде батырларды есте сақтау мен жас ұрпақты олардың ерлігін үлгі етіп тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті:
– Ибраев Даур Болатұлы – антына адал, нағыз офицер еді. Оның өмірі мен қызметі – әрбір полиция қызметкері мен жас буынға үлгі. Бүгінгі «Жас сақшы» сыныбының шәкірттері осы есімге лайық болып, қазақстандық полицияның дәстүрін жалғастырады деп сенемін, – деді ол.
Ашылған кадет сыныбы – ұрпақтар сабақтастығының символы және азаматтардың қауіпсіздігі жолында өмірін қиған ерлердің ерлігін еске салу нышаны болып саналады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі