
Өскемендік полицейлер өзенге секірген әйелді құтқарып қалды
25 қазан күні түнгі уақытта «102» арнасына Славский атындағы жағалау жақта бейтаныс әйелдің Ертіс өзеніне секіргені туралы хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына бірден Өскемен қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының экипажы келіп жетті. Еш ойланбастан полиция лейтенанты Мадияр Серікболов суға түсіп, әйелді құтқаруға кірісті.
Оның әріптесі Мәлік Темірбеков және көмекке келген өзге де полицейлер құтқару шеңбері мен арқанды пайдаланып, әйел мен оны құтқарған полицейді судан шығарды.
Жарақат алған әйелді алғашқы медициналық көмек көрсету үшін келген жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.
Қазіргі уақытта полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтауда.
Полиция тұрғындарға еске салады: егер сіз қауіпті жағдайдың куәгері болсаңыз немесе біреуге көмек қажет екенін байқасаңыз, дереу «102» нөміріне қоңырау шалыңыз — полиция әрқашан қасыңызда және көмек көрсетуге дайын.
ШҚО ПД баспасөз қызметі