
ШҚО полицейлері Республика күнін атап өтті
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде Қазақстан Республикасының күніне арналған салтанатты концерт өтті.
Шара барысында қызметкерлер мен қонақтарды ШҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Манапов құттықтады. Өз сөзінде ол Республика күні – ел тәуелсіздігі мен бірлігінің, халқымыздың ынтымағы мен тұтастығының нышаны екенін атап өтті.
— Бұл күн – мемлекетіміз тарихындағы ерекше мереке. Біз күн сайын азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегін зор мақтанышпен айтып жүреміз. Біздің басты ұстанымымыз – заң мен тәртіп. Себебі әділдік пен тәртіп орнаған жерде ғана бейбітшілік пен тұрақтылық болады, — деді С. Манапов.
Ол ішкі істер органдарының ардагерлеріне қызметке адалдығы мен тәлімгерлігі үшін алғысын білдіріп, «Жас сақшы» қозғалысының жас кадеттеріне дәстүрлі қызмет жолын лайықты түрде жалғастыруды тіледі.
Іс-шара барысында марапаттау рәсімі өткізілді. Адал қызметі мен жоғары кәсібилігі үшін 15 полиция қызметкері, 5 ардагер, жас қызметкерлердің 3 ата-анасы және «Жас сақшы» қозғалысының 5 кадеті марапатталды. Бірқатар полицейлерге кезектен тыс бір саты жоғары арнайы атақтары берілді.
Мерекелік көңіл күйді көтерген музыкалық және шығармашылық нөмірлер залды бірлік, мақтаныш және Отанға деген сүйіспеншілік рухымен толтырды.
Республика күні – тәуелсіздіктің қадірін еске салатын, әр азаматтың елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтау борышын ұғындыратын мереке. Полиция қызметкерлері үшін бұл күн – жалпы мерекеден бөлек, өздерінің Отанға және қызметке деген адалдығын тағы да бір дәлелдейтін күн.
ШҚО ПД баспасөз қызметі