
Сақ болыңыз: киберқауіпсіздік өзіңізден басталады
Қазіргі уақытта өміріміздің басым бөлігі онлайн кеңістікте өтеді. Сондықтан да интернеттегі қауіпсіздік ең алдымен өзімізге байланысты екенін ұмытпаңыздар. Күн сайын алаяқтықтың жаңа түрлері, жеке деректеріңіз бен қаражатыңызды ұрлайтын фишингтік сайттар мен вирустар пайда болуда.
Киберқылмыскерлердің құрбаны болмау үшін әрдайым сақ әрі мұқият болу қажет.
Интернетте сақтықты ұмытпаңыздар
Күдікті сілтемелер мен файлдарды ашпаңыздар, тіпті олар таныстарыңыздан келсе де. Алаяқтар жиі ұрланған аккаунттарды зиянды бағдарламаларды тарату үшін пайдаланады. Антивирусыңыздың жаңартылғанына және есептік жазбаларыңыздың сенімді құпиясөзбен қорғалғанына көз жеткізіңіздер.
Әдемі ұсыныстарға сенбеңіздер
Тым тартымды ұсыныстар — алаяқтықтың алғашқы белгісі. Тегін сыйлықтар, ерекше жеңілдіктер немесе тез табыс табу жолдары сияқты ұсыныстардың артында қулық жатуы мүмкін. Әрдайым ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеріп, шешімді асықпай қабылдаңыздар.
Біреудің қателігінен сабақ алыңыздар
Киберқылмыстар туралы жаңалықтарды қадағалап, алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдерін үйреніңіздер. Көптеген алаяқтық схемалар қайталанып отырады, ал олардың әдістерін білу арқылы сіз қауіптің алдын ала аласыз. Пайдалы ақпаратпен достарыңызбен және туыстарыңызбен бөлісіңіз – бірге біз қауіпсіз онлайн ортаны қалыптастырамыз!
Саналы түрде әрекет етіңіз
Бейтаныс сайтқа жеке деректеріңізді енгізер алдында немесе ақпаратпен бөліспес бұрын ойланыңыздар – бұл расында қажет пе? Сайт мекенжайын, қауіпсіздік сертификатының (https://) бар-жоғын және компанияның беделін тексеріңіздер. Сіздердің сақтықтарыңыз – киберқауіптерден ең мықты қорғаныс!
Егер сіз интернет-алаяқтардың құрбаны болсаңыз немесе күмәнді әрекеттерді байқасаңыз, уақыт оздырмай полицияға хабарласыңыз. Сіздің жүгінуіңіз жаңа қылмыстардың алдын алуға және басқа пайдаланушыларды қорғауға көмектеседі.
                                                                                                                                                                                                             ШҚО ПД баспасөз қызметі