
Таза Қазақстан: ШҚО полицейлері экобелсенділермен бірге қоршаған ортаны қорғауда
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаментінде Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастамасымен құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін «Кішкентай істер теориясы» еріктілер қозғалысының экобелсенділері — Людмила Евженкова мен Анастасия Черномаздың қатысуымен мотивациялық сессия өткізілді.
Кездесу барысында экологиялық тұрғыдан өзекті мәселелер, аумақтардың ластануы, құқық бұзушылықтардың алдын алу тәсілдері және полиция мен еріктілер арасындағы әріптестікті дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Экобелсенділер экологиялық бастамаларды табысты жүзеге асырған тәжірибелерімен бөлісіп, халық арасында табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Орал Рыспаев:
«Тазалық пен экологиялық тәртіпті сақтау — полиция ұстанатын «Заң мен тәртіп» қағидатының бір бөлігі. Біз азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қоршаған ортаға зиян келтіретін құқық бұзушылықтармен де күрес жүргіземіз», - деп атап өтті.
Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында полиция жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, экологиялық заңнаманы бұзудың 9 279 дерегін анықтады. Оның ішінде 6 788-і — аумақтарды абаттандыру ережелерін бұзу, 2 491-і — ортақ пайдалануға берілген орындарды ластау фактілері.
Жергілікті атқарушы органдар мен заңды тұлғаларға қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 235 ұсыным хат жолданды.
Сонымен қатар, жыл басынан бері 157 заңсыз қоқыс тастау орындары анықталып, олардың 151-і жойылды.
Экологиялық талаптардың сақталуын бақылауды күшейту мақсатында облыс аумағында 135 бейнекамера орнатылған. Олар қоқыс тастайтын алаңдар мен заңсыз қалдық жиі жиналатын жерлерге қойылған. Осы камералардың көмегімен биылғы жылы аумақтарды ластаумен байланысты 2,5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
ШҚО полицейлері заңдылық, қоғамдық жауапкершілік және азаматтық бастамалармен өзара іс-қимыл қағидаттарын ұстана отырып, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.
ШҚО ПД баспасөз қызметі