ШҚО-да үш күндік «Тасымалдаушы» ЖПІШ барысында 550-ден астам ЖҚЕ бұзу фактілері анықталды
10–12 қазан аралығында Шығыс Қазақстан облысы аумағында жолаушылар тасымалы саласындағы қауіпсіздікті арттыру және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған республикалық «Тасымалдаушы» акциясы өткізілді.
Үш күндік іс-шара қорытындысы бойынша полиция қызметкерлері 550-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактілерін тіркеді. Олардың ішінде 18 жүргізуші масаң күйде көлік басқарған. Барлық жүргізушілерге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, 37 көлік құралы арнайы тұрақтарға қойылды.
Заңсыз жолаушылар мен жүк тасымалдауды алдын алу аясында 25 заң бұзушылық анықталып, оның ішінде қажетті рұқсат құжаттарының болмауы және заң талаптарын орындамау фактілері де бар.
Рейдтер барысында полиция қызметкерлері көліктің техникалық жағдайына, жүргізушілердің жұмыс және демалыс режимінің сақталуына, сондай-ақ жолаушыларды отырғызу мен түсіру ережелеріне ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.
ШҚО ПД жол қозғалысына қатысушы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге — белгіленген нормаларды қатаң сақтауды, жолда аса мұқият және жауапты болуды ескертеді. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана өңірдегі көшелер мен тасжолдарда қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуге болады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі