Әлеуметтік мәселелерді арқау еткен әсерлі қойылым

Әлеуметтік мәселелерді арқау еткен әсерлі қойылым

                                                                                Әлеуметтік мәселелерді арқау еткен әсерлі қойылым

«Қара пима» – қазіргі қоғамдағы әлеуметтік және моральдық мәселелерді терең қозғайтын драмалық қойылым. Анасы қайтыс болғаннан кейін ішімдікке салынған әкесінің қамқорлығынсыз қалған баланың ауыр тағдыры арқылы бұл туындыда отбасы құндылықтары, ата-ана жауапкершілігі, ішімдік пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зардаптары, адамгершілік пен мейірім тақырыптары көрініс табады.

Ұ. Есдәулеттің «Қара пима» қойылымы Абай атындағы гуманитарлық колледж студенттеріне көрсетілді. Шара Шығыс Қазақстан облысының Ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылып жатқан «Азаматтық бастамаларды қолдау жөніндегі ресурстық орталық» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.

Қойылымнан кейін көрермендер мен студенттер үшін ашық алаң форматында пікір алмасу ұйымдастырылды. Қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, өзекті әлеуметтік мәселелер бойынша шақырылған мамандардан кеңес алды.

Ашық диалог ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуымен өтті. Атап айтқанда, ШҚО ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының Үгіт-насихат тобы және Өскемен қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Кижикова Арайлым қатысты.

Мамандар студенттердің сұрақтарына жауап беріп, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, психологиялық көмек көрсету, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас жөнінде маңызды ақпараттармен бөлісті. Сонымен қатар сенім телефондары мен қажетті байланыс нөмірлері көрсетілген ақпараттық парақшалар таратылды.


                                                                                                                                                                                       ШҚО ПД баспасөз қызметі