Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыруға арналған Консультативтік-кеңесші органының отырысы өтті.
Күн тәртібіне негізгі мәселелер енгізілді:
- көші-қон полициясы бөлімшелерінің заңдылықты қамтамасыз етудегі, мигранттардың құқықтарын қорғаудағы және ұлттық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі;
- полиция қызметінде жасанды интеллект пен жаңа технологияларды дамыту;
- сондай-ақ ШҚО-да туристік бірлестіктерді қалыптастыруға және өңірдің тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге полицияның қатысуы.
Отырыс барысында ШҚО Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков консультативтік органның жаңа мүшесі — Омаров Кеңес Сейсембайұлына куәлігін салтанатты түрде табыстады.
- «Сіздің тәжірибеңіз бен біліміңіз азаматтардың сенімін арттыруға, халықпен диалог орнатуға, сондай-ақ біздің қызметімізге консультативтік және әдістемелік қолдау көрсетуге ықпал ететініне сенемін», — деді өңірдің бас полицейі.
Қатысушылардың қабылдаған шешімдері мен ұсыныстары Шығыс Қазақстан облысында қоғамдық қауіпсіздік, цифрландыру және туризм саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың әрі қарайғы қадамдарына негіз болады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі