Өскемендік тұрғын алаяққа сеніп, 23 миллион теңгесінен айырылған
Қалада дүкені бар жеке кәсіпкер әйел алаяқтық жөнінде полицияға арызданған.
Жазда оның дүкеніне бейтаныс әйел келіп, қаржы мәселелерін шешуге және бизнесті дамытуға көмектесетінін айтқан. Күдікті әйел оны сөздерінің шынайылығына сендіріп, жалған бизнес-жоспарын көрсетіп, кәсіпкердің сеніміне кірген.
Екі айдың ішінде әртүрлі сылтаулармен, соның ішінде несие рәсімдеу үшін, жәбірленушіден 23 миллион теңге алған. Бұдан бөлек, ол пайызбен қарызға ақша алып, қолхаттар жазып беріп отырған. Алайда тамыз айының соңына дейін қаражатты қайтарамын деген уәдесін орындамаған.
Аталған факті бойынша «Алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті ескертеді:
• қаржылық мәселелеріңізді шешемін деп уәде ететін бейтаныс адамдарға сенбеңіздер;
• бизнеске қатысты кез келген ақпарат пен құжатты мұқият тексеріңіздер;
• ресми шартсыз ірі көлемде ақша бермеңіздер;
• үшінші тұлғалардың өтініші бойынша несие рәсімдемеңіздер;
• қолхаттың әрдайым ақшаңызды қайтарып беретініне кепіл болмайтынын есте сақтаңыздар.
Күдікті жағдайларда 102 нөміріне хабарласыңыздар.
ШҚО ПД баспасөз қызметі