ШҚО-да есірткі қылмысына қатысы бар ағайынды азаматтар ұсталды
Өңір прокуратурасының үйлестіруімен Өскемен қаласы Полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тобы облыс орталығының 21 және 23 жастағы екі тұрғынын – туған ағайындыны ұстады.
Жеке тінту барысында 21 жастағы азаматтан жалпы салмағы 18,32 грамм болатын «альфа-PVP» психотроптық заты салынған 24 орам, ал 23 жастағы азаматтан салмағы 19,02 грамм болатын дәл осындай зат салынған 25 орам табылып, тәркіленді.
Тергеу барысында анықталғандай, үлкені ағымдағы жылдың тамыз айының басында мессенджер арқылы «қоймалаушы-курьер» ретінде жұмысқа орналасқан. Әр жасырған «қоймасы» үшін оған 2750 теңге төлеуге уәде етілген. Бір күн ішінде ол 50-ден астам «қойма» жасаған. Дегенмен куратордың уәдесіне қарамастан, ешқандай сыйақы алмаған.
Ал 21 жастағы азамат ағасының өтініші бойынша орамаларды жасырғанын айтып, олардың ішінде не бар екенін білмегенін алға тартқан.
Ұсталғаннан кейін полицейлер күдіктілер жасырған орындарды анықтап, барлық «қоймалар» заңсыз айналымнан алынды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
ШҚО полициясы азаматтарға ескертеді:
•Есірткі заттарын сақтау немесе таратуға қандай да бір қатысу, соның ішінде туыс не таныстың өтініші бойынша болса да, қылмыстық жауапкершілікке әкеледі;
•Мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі «қоймалаушы-курьер» сынды «вакансиялар» – жастарды есірткі қылмысына тартудың амалы. Уәде етілген «жеңіл ақша» түптің түбінде бостандықтан айыруға және болашағын құртуға алып келеді.
ШҚО Полиция департаменті тұрғындарды қырағы болуға, арандатушылыққа берілмеуге және есте сақтауға шақырады: есірткі – қылмыстық жауапкершілік пен орны толмас қайғыға апаратын жол.
ШҚО ПД баспасөз қызметі