Негізгі заңға – 30 жыл: ШҚО полициясында салтанатты іс-шара өтті
Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаментінде мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Алмаз Төкенов жеке құрамды мемлекеттік мерекемен құттықтап, Конституцияның ел өміріндегі айрықша маңызына тоқталды.
— «Қазақстан Республикасының Конституциясы отыз жыл бойы тәуелсіздіктің берік тірегі, халық бірлігінің нышаны және азаматтардың құқықтарының сенімді кепілі болып келеді. Заңның үстемдігі арқасында тұрақтылық, тәртіп және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімі қамтамасыз етіледі. Полиция қызметкерлері күн сайын азаматтардың құқығын қорғап, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтап, осы ортақ іске өз үлестерін қосып келеді», — деді полковник А. Төкенов.
Салтанатты жиында ішкі істер органдарының бірқатар үздік қызметкерлері ведомстволық наградалармен марапатталды. Олардың арасында «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен, сондай-ақ Құрмет грамоталары мен алғыс хаттармен марапатталған қызметкерлер бар.
Мерекелік іс-шара шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен концертке ұласып, онда музыкалық қойылымдар мен патриоттық әндер шырқалды. Бұл бірлік пен мерекелік рухты айшықтай түсті.
ШҚО ПД баспасөз қызметі