Әке жүрегі – адалдық пен парызға беріктік

Әке жүрегі – адалдық пен парызға беріктік

                                                                                             Әке жүрегі – адалдық пен парызға беріктік

Полиция майоры Қуаныш Таныбаев – ішкі істер органдарының тәжірибелі қызметкері ғана емес, нағыз әке болудың үлгісі.

Ол полицияда 18 жыл бойы абыройлы қызмет етіп келеді. Бүгінде ШҚО ПД патрульдік полиция батальонының кезекші бөлімінің аға инспекторы лауазымын атқарады. Жылдар бойы әріптестері оны жауапкершілігі жоғары, өз ісіне адал әрі жанқиярлықпен еңбек ететін азамат ретінде таниды.

Алайда оның ең үлкен байлығы – отбасы. Қуаныш бес баланы тәрбиелеп отыр: үш қыз бен екі ұл. Үлкен қызы – студент, ал кенжесі небәрі үш жаста. Екі жыл бұрын отбасы ауыр қасіретті бастан кешірді – жұбайы өмірден өтті. Содан бері балаларға деген бар жауапкершілік әке иығына түсті. Бұл қиын жолда оған ата-анасы мен жарының ата-анасы қолдау көрсетіп келеді.

Білім күні қарсаңында майордың отбасына әріптестері арнайы барып келді. ШҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Серік Манапов патрульдік полиция батальоны басшылығымен бірге балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, оларға мектеп сөмкелері, оқу құралдары, ойыншықтар мен тәттілер сыйға тартылып, отбасына зор денсаулық, бақыт пен береке тіленді.

Әріптестері Қуанышты мақтан тұтатындарын және әрқашан жанынан табылуға әзір екендерін атап өтті.

— Қуаныш Таныбаев – батылдықтың, рух беріктігінің және адалдықтың үлгісі. Ол Отанға қызмет етіп қана қоймай, отбасына да тірек болып отыр. Балаларына сүйіспеншілік пен қамқорлық сыйлап, болашаққа сенім ұялатады, — деді С. Манапов.

Қуаныш үшін 1 қыркүйек – ерекше күн. Балалары мыңдаған оқушымен бірге жаңа білім, арман мен үмітке толы белеске қадам басуда. Ал олардың жанында – бар қиындыққа мойымай, өз өнегесімен жақсылыққа сенуді, күшті болуды және мақсатқа жетуді үйретіп жүрген әке бар.


                                                                                                                                                                                                             ШҚО ПД баспасөз қызметі