ШҚО аумағында көші-қон заңнамасын бұзған 55 шетелдікке елге кіруге тыйым салынды
2025 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті көші-қон қызметінің қызметкерлері ел аумағында болу және еңбек қызметін жүзеге асыру ережелерін бұзған 350-ден астам өзге мемлекеттердің азаматтарын анықтады. Олардың ішінде 55 шетелдікке қатысты сот шешімімен Қазақстан Республикасына 5 жыл мерзімге кіруге тыйым салынып, елден шығару шарасы қолданылды.
Полицейлер шетелдік азаматтардың тіркеу мекенжайларын, сондай-ақ қабылдаушы тараптың хабарламаларының болуын тексеру бойынша арнайы рейдтерді жалғастыруда.
Мәселен, облыстың бір ауданында жүргізілген кезекті іс-шара барысында уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеген 36 шетелдік анықталды. Барлық заңбұзушыларға қатысты шара қабылданып, олар елден шығарылды. Ал жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 200 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
ШҚО Полиция департаменті еске салады: тіркеусіз тұру, қабылдаушы тараптан хабарламаның болмауы, сондай-ақ заңсыз еңбек қызметімен айналысу — бұл заңнаманы бұзу болып табылады. Мұндай жағдайда жауапкершілік шетелдік азаматтарға да, оларға тұрғын үй немесе жұмыс ұсынған тұлғаларға да жүктеледі.
ШҚО ПД баспасөз қызметі