Өскемен қаласында учаскелік полицейлер түтінге толы пәтерден қарт әйелді құтқарып қалды
Полиция лейтенанттары Ерлік Мұқашев пен Еламан Тохтарханов түтінге толы пәтерден қарт әйелді аман алып шықты.
Көршілер көмек сұраған дауысты естіп, бірден полицияға хабар берген. Көпқабатты тұрғын үйге келген Мұқашев пен Тохтарханов алдымен балкон арқылы кірмек болған, бірақ жанындағы пәтерлердің тұрғындары үйде болмаған. Уақыт санаулы болғандықтан, учаскелік полицей кіреберіс есікті бұзып ашуға шешім қабылдаған.
Пәтердің есігі ашылған бойда іштен қою түтін шыққан. Полицейлер ішке кіріп, қарт әйелді тауып, оны қауіпсіз жерге алып шықты. Жедел жәрдем жеткенге дейін тәртіп сақшылары зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті мен батылдығының арқасында адам өмірі аман қалды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі