Өскемен қаласында полицейлер балкон арқылы қарт әйелге көмек көрсетті
Полиция лейтенанты Олжас Сабыров пен полиция кіші сержанты Даулет Асқарбеков көпқабатты үй тұрғынына жәрдемдесті.
Оқиға 22 шілде күні орын алған. Патрульдеу кезінде тәртіп сақшылары үйлердің бірінің жанында адамдардың жиналып тұрғанын байқаған. Көршісінің айтуынша, үшінші қабатта тұратын зейнеткер әйел төсек үстінен құлап, өздігінен тұра алмай қалған. Пәтердің кіреберіс есігі ішінен жабық болғандықтан, ішке кіре алмаған.
Полицияның кіші сержанты Даулет Асқарбеков өз қауіпсіздігіне қарамастан, екінші қабаттың балконы арқылы пәтерге кіріп, қарт әйелге көмек көрсетті.
Полиция қызметкерлерінің уақтылы қабылдаған іс-әркеттерінің арқасында денсаулығына төнген қауіптің алды алынды.
Аталған жағдай әлеуметтік желілерге куәгерлер түсірген бейнежазбалар жарияланғаннан кейін белгілі болды. Пайдаланушылар полицейлердің қырағылығын және көмек көрсетуге әрдайым дайын тұратынын ерекше атап өтті.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті барлық бейжай қарамайтын азаматтарға азаматтық белсенділігі және қиын жағдайға тап болған жандарға көмек қолын созуға дайындығы үшін алғыс білдіреді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі