Елдің үздік мергендері: ШҚО полицейі ІІМ чемпионатында жүлдегер атанды
Павлодар қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жауынгерлік қарудан оқ ату бойынша чемпионаты өтті. Турнир «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдығына орай және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды.
Ауқымды жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген күштік, арнайы және құқық қорғау органдарының 26 командадан 130 қызметкер қатысты.
Қатысушылар Калашников автоматы мен Макаров тапаншасынан (қашықтығы сәйкесінше 100–150 және 25 метр) оқ ату бойынша жаттығуларды орындап, топтық және жекелей есепте өзара бақ сынады.
Жарыста ерекше көзге түскендердің бірі — Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының (ЖҚАЖ) ротасы командирі, полиция майоры Станбеков Эльдос Ерікұлы. Ол өз командасын лайықты түрде таныстырып, жоғары кәсіби шеберлік пен мергендік дайындықты паш етіп, екінші орынды иеленді.
Майор Станбеков мұндай чемпионаттарға сегізінші рет қатысып отыр, оның ішінде алты рет жүлдегер атанған. Бұл нәтижелер оның Қазақстан полициясы арасындағы үздік мергендердің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті полиция майоры Эльдос Ерікұлын иеленген жеңісімен құттықтап, оның жоғары кәсіби дайындық деңгейі мен қызметке адалдығы үшін алғыс білдіреді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі