ШҚО-да қоғамға үлгі болған азаматқа алғыс хат табысталды
Қазақстан полициясы күніне арналған мерекелік концерт барысында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков Ұлан ауданының тұрғыны Марат Мағауияновты алғыс хатпен марапаттады.
Марат Мағауиянов – маңызды қоғамдық бастаманың бастамашысы, өз ауылын ауызбіршілік пен салауатты өмір салтына жетелеген азамат. Оның бастамасымен Жанұзақ ауылы облыс бойынша алғаш болып ұжымдық түрде ішімдік ішуден бас тартқан елді мекен атанды. Бұл қадам ауылдағы ахуалға оң әсерін тигізіп, қылмыс деңгейін төмендеуіне ықпал етті. Бүгінде өңірде осындай 11 ауыл бар, алайда алғашқы қадамды дәл Жанұзақ тұрғындары жасаған еді.
Марат Мағауиянов белсенді азаматтық ұстанымы, жеке үлгісі мен салауатты және құқықтық құндылықтарды нығайтуға қосқан үлесі үшін марапатталды. Оның бастамасы – өзгерістер әр адамның саналы таңдауынан басталатынын, ал ауылдағы тыныштық пен қауіпсіздік – халық пен полицияның ортақ жауапкершілігі екенін дәлелдейді.
Өзінің алғыс сөзінде Марат Мағауиянов шынайы ризашылығын білдірді:
– «Көрсетілген сенім мен жоғары баға үшін зор алғысымды білдіремін. Бұл – бүкіл ауылдастардың ортақ жетістігі. Біз тек татулықта, зиянды әдеттерден аулақ өмір сүргіміз келеді. Балаларымызға дұрыс бағыт-бағдар беріп, олар үлгі алатындай орта қалыптастыру – әрқайсымыздың борышымыз», – деді ол.
ШҚО ПД баспасөз қызметі