Шығыс Қазақстандық полицейлер кәсіби мерекелерін көрме мен мазмұнды концертпен атап өтті

Шығыс Қазақстандық полицейлер кәсіби мерекелерін көрме мен мазмұнды концертпен атап өтті

                                                                                                  Шығыс Қазақстандық полицейлер кәсіби мерекелерін көрме мен мазмұнды концертпен атап өтті

Өскемен қаласында Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Облыстық филармония алдында арнайы техникалар көрмесі ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін ашық алаңға қойылған қызметтік автокөліктер, мотоциклдер, сигвейлер, квадроциклдер, брондалған техника, заманауи байланыс құралдары мен жылжымалы басқару пункттері таныстырылды. Полиция қызметкерлері келушілермен еркін сұхбаттасып, әрбір техниканың міндетін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі маңызын түсіндірді.

Филармония фойесінде бірнеше тақырыптық алаңдар жұмыс істеді. Мұнда арнайы бөлімшелердің қару-жарағы мен қорғаныс құралдары, Полиция департаменті тарихы мұражайының архивтік материалдары және «Полиция қызметкерлерінің күнделікті тынысы» атты фотокөрме ұсынылды.

«Заң және тәртіп» апталығы аясында өткен салтанатты жиынға құқық қорғау органдарының басшылары, департаменттің жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері және қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан полицейлердің туыстары қатысты.

Шарада сөз сөйлеген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тәртіп сақшыларының өлшеусіз үлесін атап өтіп, олардың ерлігі мен қызметіне шынайы алғысын білдірді.

Салтанатты жиында сөз алған департамент бастығы, полиция полковнигі, өз сөзінде былай деді:

— «Заң мен тәртіп – бұл жай ғана ұғым емес, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімнің берік негізі. Ал осы сенімді күн сайын нығайтып жүрген – тәртіп сақшылары. Сіздердің көп жағдайда көзге көрінбейтін, бірақ өте маңызды еңбектеріңіз қоғам тыныштығының кепілі. Біз елге адал қызмет етіп жүрген әріптестерімізге алғысымызды білдіреміз. Әсіресе, азаматтарды қорғау жолында өз өмірін қиған батыр әріптестеріміздің алдындағы құрметіміз шексіз. Олардың есімдері – біздің жадымызда мәңгі сақталады», – деді ол.

Жыл қорытындысы бойынша қызметтік міндетін адал әрі үлгілі атқарғаны үшін 24 қызметкер ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен марапатталды. Тағы 46 қызметкерге ШҚО ПД бастығының грамоталары мен алғыс хаттары табыс етілді.

Мерекенің шарықтау шегі – салтанатты концерт болды. Өнер ұжымдары мен полиция қызметкерлері сахна төрінде өз өнерлерін паш етіп, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Бұл кеш – полиция қызметіне деген құрметті, ерлік рухын, қызметтік дәстүрлерді және ерлікпен қаза тапқандарды еске алу арқылы ортақ мақтаныш сезімін ұялатқан шынайы рухани оқиғаға айналды.


                                                                                                                                                                                                             ШҚО ПД баспасөз қызметі