Төрт аяқты әріптестер: ШҚО полициясындағы ерекше көмекшілер

Төрт аяқты әріптестер: ШҚО полициясындағы ерекше көмекшілер

                                                                                                  Төрт аяқты әріптестер: ШҚО полициясындағы ерекше көмекшілер

Шығыс Қазақстан облыстық полициясында жеке нөмірі де, қызметтік куәлігі де жоқ, бірақ өзіне бекітілген «міндетін» мүлтіксіз атқарып жүрген ерекше қызметкерлер бар. Олардың саны екеу ғана, алайда әрқайсысы — ұжым үшін ерекше әрі қажет тұлға.

Муська — кинологтардың мысығы

Бес жылға жуық уақыт бойы Муська есімді мысық ШҚО Полиция департаментінің кинологиялық орталығында тұрып келеді. Ол мұнда кішкентай кезінен келіп, біржола орнығып қалған.

Содан бері Муська осы орталықтың ажырамас бөлігіне айналды. Оның тыныш мінезінің арқасында қызметтік иттер мысықтарға сабырмен қарайтын болған, бұл олардың жұмысқа толық зейін қоюына септігін тигізеді. Сонымен қатар, Муська тәртіпті қатаң бақылайды — төрт аяқты полицейлерге арналған жем-шөпке бірде-бір кеміргіш жақындай алмайды.

Көлеңке сияқты Қара Мысық — тыныштық күзетшісі

Өскемен қалалық полиция басқармасында ерекше мысық мекендейді. Қара түсті, салмақты, сыпайы. Күн сайын — таңертең және кешке — дәл уақытында сапқа келеді. Саптың жанымен асықпай өтіп, айналаға көз жүгіртіп, бәрі тәртіпке сай ма — соны бақылап шығатындай әсер қалдырады.

Ешқашан кешікпейді, шу шығармайды, тыныш жүреді. Әсіресе қарбалас, ауыр күндері жақын маңға жайғасып, үнсіз қолдау көрсететіндей. Даусы естілмейді, бірақ жанында екені сезіледі — ал бұл кейде бәрінен де маңызды.

Бірі — өздігінен келіп жайғасқан, екіншісі — полиция формасының жанында есейген. Екеуі де — осы ұжымның бір бөлшегі. Олар адамдарға ережелер мен міндеттердің арасында да жылу мен жанашырлықтың, қамқорлықтың болатынын еске салады.

                                                                                                                                                                                                             ШҚО ПД баспасөз қызметі