Шығыс Қазақстанда полиция Зайсан көлінде браконьерліктің қызметін тоқтатты
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы облыстық прокуратурамен бірлесіп, Зайсан көлінің жағалауында заңсыз балық аулауға қарсы бағытталған жедел іс-шаралар жүргізді. Іс-шара барысында тыйым салынған аумақтарда ау құралдарын және жүзу құралдарын пайдалана отырып, заңсыз балық аулаумен айналысқан азаматтардың үш тобы анықталып, ұсталды.
Тарбағатай ауданына қарасты Қарақой ауылының маңында заңсыз балық аулауды ұйымдастырған тұлғалар қолға түсті. Олар көксерке, шортан және табан сынды балық түрлері аулап, жалпы салмағы шамамен 130 килограмды құраған. Сонымен қатар, моторлы қайықтар мен балық аулау торлары тәркіленді. Келтірілген материалдық шығын 700 мың теңгеден асады.
Сондай-ақ Марқакөл ауданының Шеңгелді ауылы маңында браконьерлікпен айналысқан тағы екі топ ұсталды. Олардың бірінен көп мөлшерде балық аулау торлары, моторлы қайық және мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ автокөлік тәркіленді. Заңсыз ауланған көксерке, язь және шортан сынды балықтардың жалпы салмағы 117 килограмнан асты. Келтірілген шығын көлемі 780 мың теңгеден жоғары.
Екінші топтан да жүзу құралы, балық аулау жабдықтары және көлік құралы тәркіленді. Ауланған балықтың жалпы салмағы 50 килограмнан асты. Материалдық залал 322 мың теңгеден астамды құрады.
Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық мән-жайларды анықтауға және кінәлі тұлғаларды заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартуға бағытталған тиісті процессуалдық шаралар жүргізілуде.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті «Заң және тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, азаматтарды табиғатты қорғау заңнамасын қатаң сақтауға және заңсыз балық аулау – әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілікке әкеп соғатыны туралы ескертеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі