Ұрпақтар сабақтастығы: ШҚО ПД-да жас қызметкерлер ардагерлермен кездесті
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде ішкі істер органдарында ұзақ жылдар қызмет атқарған ардагерлер мен жас қызметкерлердің кездесуі өтті.
Іс-шараның құрметті қонағы – полиция майоры Асқар Айтқалиұлы болды. Ол жас мамандар мен олардың тәлімгерлерімен бірге жедел-криминалистикалық бөлімшелердің жұмысына қатысты маңызды мәселелерді талқылап, өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісті.
Асқар Айтқалиұлы қылмыстарды ашудың тиімді әдістері туралы айтып, дактилоскопиялық және баллистикалық есептерді нақты істерде қолданудың мысалдарын келтірді. Сондай-ақ, нағыз мамандарды тәрбиелеуде тәлімгерліктің рөлін ерекше атап өтті.
— Біздің қызметте тек біліммен шектеліп қалуға болмайды, ең маңыздысы — іске деген адал көзқарас. Жауапкершілік, адалдық және қызметке деген шынайы берілгендік – бұл аға буыннан кейінгі ұрпаққа берілетін құндылықтар, — деді ол.
Кездесуден кейін қатысушылар ведомстволық музейге барды. Онда криминалистика ғылымының даму жолдары мен тарихи кезеңдері көрнекі түрде ұсынылған. Музейде әр экспонат – өткенге ашылған бір бұрыш іспеттес: фотосуреттер, құжаттар мен айғақ заттар арқылы криминалистиканың бай тарихы мен тергеу ісінің шынайы келбеті көз алдыңа келеді.
Осындай кездесулер қызмет рухын нығайтып, ішкі істер саласының іргесін қалаған ардагерлерге деген құрметті арттыра түседі.
Ұрпақтар сабақтастығы – бұл жай ғана дәстүр емес, ішкі істер органдарының болашағын қалыптастыратын берік іргетас.
ШҚО ПД баспасөз қызметі