ҚР ІІМ логотипі
Меню
Страницы
Департамент туралы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Қызметі
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Все материалы
Жеке құраммен жұмыс
29 апреля 2026
ШҚО ПД жанындағы ККО-да заңдылық мәселелері мен криминалистер жұмысының нәтижелері қаралды

ШҚО ПД жанындағы ККО-да заңдылық мәселелері мен криминалистер жұмысының нәтижелері қаралды

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде Консультативтік-кеңесші органның кезекті отырысы өтті.

Кездесудің негізгі тақырыбы Қазақстан Республикасы Конституциясының заманауи құқық қорғау жүйесін қалыптастырудағы рөлін талқылау болды. Қатысушылар конституциялық нормаларды іске асыру қоғамның полицияға деген сенімін арттыруға тікелей ықпал ететінін және азаматтармен ашық әрі тиімді өзара іс-қимылды қалыптастырудың негізі екенін атап өтті. Адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету ішкі істер органдарын дамытудың басым бағыты ретінде айқындалды.

ШҚО ПД жанындағы Консультативтік-кеңесші органның төрағасы Қуат Рахимбердин:

«Заманауи полицияның күші мәжбүрлеуде емес, қоғам сенімінде. Адам құқықтары құқық қорғау органдары жұмысына кедергі емес, керісінше тиімді әрі заңды қызметтің негізі болып табылады», - деп атап өтті.

Отырыс аясында қатысушылар Жедел-криминалистикалық басқармасының жұмыс нәтижелерімен танысты. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша криминалистер ауқымды жұмыс атқарды: 492 оқиға орны қаралып, 410 криминалистикалық зерттеу жүргізіліп, олардың қатысуымен 83 қылмыс ашылған.

Кездесу соңында криминалистикалық бөлімшенің қызметіне оң баға берілді. Қатысушылар азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың, заманауи технологияларды дамытудың және полиция жұмысында заңдылық пен ашықтық қағидаттарын жүйелі түрде енгізуді маңызды деп бекітті.



ШҚО ПД баспасөз қызметі

Жергілікті полиция қызметі
28 апреля 2026
ШҚО-да халыққа құқықтық көмек көрсету акциясы өтті

ШҚО-да халыққа құқықтық көмек көрсету акциясы өтті

Өскемендегі Арбатта «AMANAT» партиясының бастамасымен «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды қабылдау шарасы ұйымдастырылды. Шара барысында өңір тұрғындары Полиция департаменті қызметкерлерінен, адвокаттардан, нотариустардан, медиаторлардан, сот орындаушыларынан, сондай-ақ «Қарызсыз қоғам» жобасының мамандарынан тегін заңгерлік және қаржылық кеңес алды.

Тәртіп сақшылары акцияға белсенді қатысты. Олар азаматтарға интернет-алаяқтықтың алдын алу және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл шаралары туралы айтып, әкімшілік полиция басқармасы мен қоғамдық қауіпсіздік бағыттарына қатысты мәселелер бойынша кеңес берді. Сонымен қатар, құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында арнайы ақпараттық жадынамалар таратты.

Мұндай іс-шаралар азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеруге, халықтың өзекті мәселелерін дер кезінде шешуге және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы іс-қимылды нығайтуға септігін тигізеді.

 


ШҚО ПД баспасөз қызметі

Тергеу және анықтау
28 апреля 2026
10 күн бойы тегін «шопинг»: Өскеменде шоколад өнімдерін ұрлаған күдікті анықталды

10 күн бойы тегін «шопинг»: Өскеменде шоколад өнімдерін ұрлаған күдікті анықталды

Облыс орталығында ер адам он күн бойы жергілікті шағын маркеттердің бірін тұрақты түрде тонап келген. Оның негізгі олжасы — ондаған қорап шоколад болған.

Тауардың жоғалғаны бірден байқалмаған. Дүкен әкімшілігі қызметкерлер бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап шыққаннан кейін ғана полицияға жүгінген. Белгілі болғандай, белгісіз біреу бір жарым аптаға жуық уақыт бойы дүкенге келіп, сөрелердегі тауарларды жасырын түрде алып шығып жүрген.

Ұрының таңдауы күнделікті қолданатын заттар мен тәттіге түскен. 10 күн ішінде ол 80-ге жуық «Merci» кәмпит қорабын, 25 дана «Қазақстандық» шоколадын және бірнеше құты кофе мен сусабындар ұрлап үлгерген.

Дүкенге келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 300 мың теңгені құрады.

Үлбі полиция бөлімінің қызметкерлері «тәттіқұмар» ұрыны тез арада анықтады. Ол белгілі бір тұрғылықты жері жоқ 33 жастағы ер адам болып шықты. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

ШҚО Полиция департаменті мұндай «тегін сауда» жасаған үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі

Жергілікті полиция қызметі
28 апреля 2026
ШҚО-да жол белгілері мен жолдар тексерілуде

ШҚО-да жол белгілері мен жолдар тексерілуде

20 сәуір мен 3 мамыр аралығында ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасы өңірдегі автомобиль жолдарының жағдайына кешенді тексеру жүргізуде. Тексеру жұмыстары «КАЖсервис» ЖШС және «ОблШыгысЖол» ЖШС жол ұйымдарының өкілдерімен бірлесіп өткізілуде.

Көктемгі тексеру барысында мамандар республикалық және облыстық маңызы бар тасжолдарды қарайды. Жол белгілерінің техникалық жай-күйіне, олардың болуына, белгіленген талаптарға сәйкестігіне және жол қозғалысына қатысушыларға көрінуіне ерекше көңіл бөлінеді.

Сонымен қатар, қыс мезгілінен кейін пайда болған қауіпті ақауларды анықтау мақсатында жол төсемі тексерілуде. Бұдан бөлек, жол таңбаларының, қоршау бөгеттерінің және жол жиектерінің жай-күйі бағалануда.

Жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көктемгі кезеңде жолдардағы қауіпсіздікке әсер ететін кемшіліктерді дер кезінде жою.

Тексеру қорытындысы бойынша жол иелеріне және қызмет көрсетуші ұйымдарға анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі көрсетілген міндетті нұсқамалар беріледі.

Сондай-ақ, тиісті талаптарды орындамаған жол қызметтеріне қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады.


ШҚО ПД баспасөз қызметі

Жергілікті полиция қызметі
28 апреля 2026
ШҚО-да есірткілік масаң күйде көлік басқарған кезекті жүргізуші ұсталды

ШҚО-да есірткілік масаң күйде көлік басқарған кезекті жүргізуші ұсталды

Глубокое кентін патрульдеу барысында Шығыс Қазақстан облысы патрульдік полиция қызметкерлері «ВАЗ-2101» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Құжаттарын тексеру кезінде 31 жастағы ер адамның 2026 жылдың қаңтар айында 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды.

Тыйым салынғанына қарамастан, ол қайтадан рөлге отырған. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, жүргізушінің каннабиноидтарды қолдану салдарынан есірткілік масаң күйде болғаны расталды.

Қазіргі уақытта автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Жүргізушіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

ШҚО Полиция департаменті масаң күйде көлік басқару, әсіресе көлік жүргізу құқығынан айырылған адам тарапынан жасалса, ауыр құқық бұзушылық болып саналатынын еске салады. Тәртіп сақшылары азаматтарды жауапкершілік танытып, заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады, өйткені мұндай әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіреді.

 


ШҚО ПД баспасөз қызметі

 

Жергілікті полиция қызметі
28 апреля 2026
Шығыс Қазақстан облысында «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы басталады

Шығыс Қазақстан облысында «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы басталады

28-30 сәуір аралығында Шығыс Қазақстан облысының аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіледі.

Іс-шара аясында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оның ішінде қала сыртындағы тасжолдарда бақылау күшейтіледі.

Құқықбұзушылықтардың алдын алуға, жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу деректерін анықтауға, көлік құралын масаң күйде басқару фактілерінің жолын кесуге, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларын болдырмауға ерекше назар аударылады.

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды жол жүрісі қағидаларының талаптарын сақтауға және жолдағы тәртіп мәдениетін арттыруға шақырады.

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл
27 апреля 2026
Тазалық өзімізден басталады!

Тазалық өзімізден басталады! 

Шығыс Қазақстан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасуда.

Бүгін ШҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен бөлімінің қызметкерлері аталған акцияға қатысып қолдау білдірді.

Полицейлер белсенді еріктілермен бірге Меновное кентіндегі аллеяны тазалауға шықты. Үйреншікті жұмыс ортасын абаттандыру құралдарына алмастырған қатысушылар өздеріне сеніп тапсырылған аумақты қоқыстан тазартып, ауыл тұрғындарының демалыс орнын таза әрі жайлы ете түсті.

Бүкіл ел бойынша өтіп жатқан «Таза Қазақстан» акциясы қалаларымыз бен ауылдарымыздың тазалығы жолындағы ортақ мақсатқа күш біріктіруде.

Мұндай бастамалар экологияны жүйелі түрде жақсартуға және қоғамда Отанымыздың табиғи мұрасын сақтауға деген шынайы жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған.


ШҚО ПД баспасөз қызметі

Жеке құраммен жұмыс
25 апреля 2026
ІІМ Кубогы Өскеменде қалды: «Титан» командасының тарихи жеңісі

ІІМ Кубогы Өскеменде қалды: «Титан» командасының тарихи жеңісі

Өскемен қаласының Спорт сарайында ішкі істер органдары бөліністері арасында шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Кубогы жолындағы республикалық турнир мәресіне жетті. Биылғы айтулы дода алғаш рет жақында құрылған ҚР ІІМ «ARLAN» спорт клубының қолдауымен өтіп, Шығыс Қазақстан тәртіп сақшыларының айқын басымдылығымен аяқталды.

Төрт күнге созылған мұзайдынындағы тартысты бәсекенің басты нәтижесі — айдын иелерінің триумфы болды. Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің «Титан» командасы өздерінің мызғымас көшбасшылығын тағы да паш етіп, қатарынан үшінші жыл чемпиондық атақты жеңіп алды.

Тәртіп сақшыларының кәсіби дайындығы мен ұйымшылдығы құрметті трофейді өз үйлерінде қалдыруға мүмкіндік берді.

Жүлделі орындар үшін еліміздің ең мықты аймақтық құрамалары бақ сынады. Турнир қорытындысы бойынша жеңіс тұғыры келесідей бөлінді:

- 1-орын (Алтын): «Титан» командасы (ШҚО ПД) — үш дүркін чемпиондар;
- 2-орын (Күміс): «Достар» командасы (СҚО ПД);
- 3-орын (Қола): «Жігіттер» командасы (Қарағанды облысы ПД).

Жабылу салтанатында ҚР ІІМ «ARLAN» спорт клубының бастығы полиция полковник Шоқан Жузенов құттықтау сөз сөйлеп, бұл сәттің ведомстволық спорт тарихы үшін маңыздылығын атап өтті:

«Бұл турнир — біздің спорт тарихымыздағы жаңа парақ. Ол жаңадан құрылған СК "ARLAN" спорт клубының аясында өткізіліп отырған алғашқы кубок. Қазақстан хоккейінің отанында осындай деңгейдегі жарысты жоғары дәрежеде ұйымдастырғаны үшін ШҚО Полиция департаментінің басшылығына шынайы алғысымды білдіремін. Мұндай іс-шаралар жеке құрамның бірлігін бекемдеп, жауынгерлік рухын шыңдауға зор серпін береді», — деді ол.

Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Болат Нұрсейітов спортшыларды құттықтап, жанкүйерлерге жарқын ойын мен жеңіске деген табжылмас жігерлігі үшін ризашылығын білдірді.

Турнир қорытындысы бойынша жекелеген номинациялар бойынша үздіктер анықталды:

- «Үздік ойыншы»— Георгий Обухов («Титан» командасы, ШҚО);
- «Үздік шабуылшы» — Серік Шидеринов («Титан» командасы, ШҚО);
- «Үздік қорғаушы»— Марат Нажмиденов (ҚР ІІМ Күзет қызметін бақылау комитетінің командасы).

Турнирдің жалғыз бойжеткені — Қостанай облысының «Тобыл» командасының ойыншысы Мадина Тажибаева ерекше сыйлықпен марапатталды. Оның ерлермен иық тіресе өнер көрсетіп, мұзайдынындағы кәсіби шеберлігі көпшіліктің ризашылығын тудырды.

Турнир оркестрдің сүйемелдеуімен және жанкүйерлердің қошеметімен жеңімпаздардың салтанатты шеруімен аяқталды. ШҚО полицейлерінің үш дүркін чемпиондығы аймақтың ІІМ жүйесіндегі басты хоккей орталығы деген мәртебесін нықтай түсті.

Тәртіп сақшылары «ARLAN» клубының қолдауымен өтетін мұндай жарыстар қызметкерлердің мінезі мен командалық рухын шыңдайтын игі дәстүрге айналатынына сенімді.


                                                                                                                                                                       ШҚО ПД баспасөз қызметі

Жергілікті полиция қызметі
25 апреля 2026
Шемонаихада полиция қоғамдық тәртіптің бұзылуын тоқтатты

Шемонаихада полиция қоғамдық тәртіптің бұзылуын тоқтатты

Әлеуметтік желілерде Шемонаиха қаласындағы саябақтардың бірінде үш белгісіз тұлғаның қоғамдық тәртіпті бұзған сәті түсірілген бейнежазба жарияланды: олар қоқыс шашып, урналарды теуіп, орындықтарды сындырған, былапыт сөйлеп, қала мүлкіне залал келтірген.

Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері жедел түрде тексеру іс-шараларын ұйымдастырды. Шемонаиха ауданының полиция бөлімі Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының көмегімен құқық бұзушылардың кім екені қысқа мерзімде анықталды. Олар 2007 жылғы үш жергілікті тұрғын болып шықты.

Бұзақылар полиция бөліміне жеткізіліп, ұсақ бұзақылық, алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда масаң күйде жүру, тыныштықты бұзу, сондай-ақ бөтеннің мүлкін қасақана зақымдау баптары бойынша жауапкершілікке тартылды.

Материалдар заңнамаға сәйкес шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Полиция тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, қоршаған орта мен мүлікке ұқыпты қарауға шақырады.

Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті азаматтарға белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс айтады және құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда дер кезінде полицияға хабарлауды сұрайды.


                                                                                                                                                                      ШҚО ПД баспасөз қызметі

Жергілікті полиция қызметі
25 апреля 2026
ШҚО-да «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды

ШҚО-да «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды

21-24 сәуір аралығында облыс аумағында тәртіп сақшылары «ҚАРУ» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.

Шараның басты мақсаты — тіркелген атыс қаруын қолдану арқылы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, қарудың жоғалуы мен ұрлануына жол бермеу, сондай-ақ заңсыз айналым фактілерін анықтау.

Жедел-профилактикалық іс-шара аясында полицейлер азаматтық қару иелерінің тұрғылықты жері бойынша ауқымды тексеру жүргізіп, 1500-ден астам адамды қамтыды. Жүйелі түрде жүргізілетін профилактикалық жұмыстарға қарамастан, рейдтік іс-шаралар барысында қару сақтау және қайта тіркеу қағидаларын бұзғаны үшін 18 қару иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, құқық қорғаушылар заңсыз айналымнан 1 бірлік атыс қаруын тәркіледі.

Тәртіп сақшылары азаматтарды қару айналымы саласындағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырады және түсіністік танытып, көмек көрсеткендері үшін алғыс білдіреді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді немесе жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.


                                                                                                                                                                        ШҚО ПД баспасөз қызметі

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты