ШҚО ПД: басты назар жастарды қорғау мен нашақорлықпен күресте
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің басым бағыттарының бірі – есірткі қылмысына қарсы күрес және нашақорлықтың алдын алу болып табылады.
2025 жылдың алғашқы бес айында облыс аумағында есірткіге байланысты 114 құқықбұзушылық анықталып, 40 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді.
Сонымен қатар, өңірде «жасырын қойма» әдісімен есірткі сатқан 7 адам ұсталды. Тергеу барысында олардың қолынан 1,5 келіден астам «мефедрон» және «альфа-ПВП» есірткілері алынды. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлері есірткі өсірген 10 фитозертхананы анықтап, жойды.
Ішкі істер министрі жариялаған «Профилактика жылы» аясында жастар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. 200-ден астам түрлі іс-шара өткізілді. Полиция қызметкерлері ашық кездесулер мен диалог алаңдарына қатысып, азаматтарға есірткінің заңсыз айналымына байланысты заңнамадағы өзгерістерді түсіндіруде.
Жастармен кездесулерде есірткі таратушылар туралы шынайы оқиғаларға негізделген деректі фильмдер көрсетілді. Бұл – жастарды қылмыстық жолға түспеуге ескерту мақсатында ұсынылуда.
Шығыс Қазақстан облысында есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстары жалғасуда.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
«Қауіпсіз жол»: полиция жануарлардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын күшейтуде
«Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының, әсіресе жабайы және ауыл шаруашылығы жануарларымен соқтығысуға байланысты оқиғалардың алдын алу мақсатында қосымша шаралар қабылдады.
Осы мақсатта Тарбағатай және Марқакөл аудандары аумағындағы автожол учаскелерінде жануарлардың арнайы макеттері орнатылды. Мұндай визуалды ескерту белгілері жүргізушілерге жылдамдықты алдын ала төмендетуге және жануарлардың жиі көші-қоны байқалатын немесе жол жиегінде кездесетін орындарда барынша сақ болуға көмектеседі.
Полицейлердің айтуынша, бұл макеттерді орнату – жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жол қозғалысына қатысушылар мен жануарлардың өмірін сақтауға бағытталған шара. Ауылдық жерлердегі трассаларда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі, себебі жол бойында жануарлардың кенеттен пайда болу қаупі әлдеқайда жоғары.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті жүргізушілерді ерекше сақ болуға, жылдамдық режимін және жол белгілерін, әсіресе арнайы белгіленген аумақтарда қатаң сақтауға шақырады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Балалар мерекесі мен қамқорлық күні: ШҚО полицейлері балаларға жарқын іс-шара ұйымдастырды
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында және жазғы демалыстың басталуына орай, Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті қала сыртындағы лагерьлердің бірінде балаларға арналған ерекше мереке өткізді. Бұл шара жас қатысушылар үшін ұмытылмас сыйға айналып, шаттық пен қауіпсіздік, мейірімді көңіл-күйге толы атмосферада өтті.
Таң атысымен балаларды мазмұнды бағдарлама қарсы алды. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ (ЖҚАЖ) қызметкерлері әсерлі көрсетілім ұйымдастырып, қызметтік иттермен жұмыс істеу дағдыларын, арнайы дайындық элементтері мен қылмыскерлерді ұстау тәсілдерін паш етті. Балаларға полиция автокөліктері мен тәртіп сақшыларының арнайы жабдықтарымен жақын танысу ерекше қызық болды.
Көрсетілімнен кейін балаларға тәтті сыйлықтар табысталды. Кейін олар полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен лагерьге қызықты сапарға аттанды. Лагерьге келгенде оларды тәлімгерлер мен қызметкерлер жылы жүзбен қарсы алып, лагерь аумағымен таныстырып, эстафеталар, спорттық ойындар мен шығармашылық байқаулар ұйымдастырды.
Іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі — ШҚО Полиция департаментінің бастығы генерал-майор Ерлан Омарбековтың келуі болды. Нағыз генералмен жүздесу балаларға үлкен әсер қалдырды: олар құрметпен қарсы алып, сұрақтар қойып, бірге естелікке суретке түсті.
— Бүгінгі күн — біздің ең қымбат, ең сүйікті кішкентай азаматтарымызға арналады. Әрбір бала өзін қауіпсіз сезініп, жанында әрдайым қолдау мен қамқорлық көрсететін ересектер бар екенін білсе екен дейміз. Бұл – бәрімізге ортақ міндет, – деді Ерлан Омарбеков балалармен әңгімесінде.
Мереке жарқын күлкімен, шаттыққа толы сәттермен және алғысқа толы жүрекжарды тілектермен аяқталды. Бұл күн балалар үшін тек қызықты оқиға ғана емес, ересектер тарапынан көрсетілген қамқорлық пен мейірімнің, қолдаудың маңыздылығын еске салған мәні зор шара болды. Мұндай іс-шаралар — жай ғана демалыс емес, әрбір баланың өз өмірінің қауіпсіз екеніне сенімді болып, өзін қажет әрі сүйікті сезінуі үшін жасалған жарқын әрі игілікті қадам.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Өскемен көшелерімен жол апатына түскен көліктер жүргізілді
Өскемен қаласының көшелері Жол қозғалысы ережелерін бұзудың салдарын көрсететін ерекше, бірақ аса маңызды акцияның алаңына айналды: қала тұрғындары эвакуаторларға тиелген, жол-көлік оқиғаларында зақымданған көліктерді көрді. Бұл – жолда тәртіп сақтамаудың қандай ауыр зардаптарға әкеп соғатынын көзбен көруге мүмкіндік берген нақты ескерту болды.
Осылайша Шығыс Қазақстан облысының тәртіп сақшылары тағы да бір рет жүргізушілерге қауіпсіздік туралы еске салып, өз өміріңізге, жолаушылар мен айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігіне бей-жай қарамауға шақырды.
Акция республикалық «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында ұйымдастырылды.
Құқық қорғау органдарының пікірінше, зақымдалған көліктерді көрсету – қоғам назарын аударудың қатаң, бірақ тиімді тәсілі. Себебі жол жүрісі қағидаларын бұзған көлік санаулы секундтар ішінде қауіпсіз құралдан қауіп көзіне айналуы мүмкін.
ЖПІШ-тің алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша облыс аумағында 17 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегі анықталды. 171 жүргізуші көлікті масаң күйде басқарғаны үшін ұсталса, оның ішінде 10-ы бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылғандар. 500-ден астам көлік пайдаланудан шеттетіліп, 300-ден астамы айыппұл тұрағына қойылды.
Апаттардың негізгі себептеріне айналатын құқықбұзушылықтарға ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, қарсы қозғалыс жолағына шығу, жылдамдық режимін сақтамау, жаяу жүргіншілерге жол бермеу. Тек бір айдың ішінде ғана 1 100-ге жуық жүргізуші жаяу жүргіншіге жол бермегені үшін жауапкершілікке тартылды, ал 5 мыңнан астам адам өзге де бұзушылықтар үшін жазаланды.
Аймақтағы жол-көлік оқиғаларының жағдайы алаңдатарлық: жыл басынан бері 459 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 14 адам қаза тапқан, 650-ден астам адам жарақат алған. Негізгі себептер – жылдамдықты асыру, қауіпті жерлерде озу, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту кезіндегі абайсыздық.
Шығыс Қазақстан облыс Полиция департаменті жол жүрісі қағидаларын сақтау – әрбір жол қозғалысына қатысушының міндеті екенін ескертеді. Жолдағы қауіпсіздік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жауапкершілігіне тікелей байланысты. Әрбір бұзушылықтың артында бір адамның өмірі тұруы мүмкін екенін есте сақтаңыз.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Қазақстан зорлық-зомбылыққа қарсы: полиция мен каратэ шеберлері – отбасыдағы татулық үшін
«Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты республикалық акция аясында ШҚО Полиция департаментінің қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, құқық қорғау органдарына сенімді нығайту және отбасындағы сыйластық пен қолдау құндылықтарын насихаттау бойынша жұмыс жүргізуді жалғастыруда.
Осы маңызды әлеуметтік бастаманы қолдау мақсатында Киокушинкай каратэ мектебінің жас спортшылары да акцияға қосылып, отбасындағы үйлесімділік пен қауіпсіз қарым-қатынастың маңыздылығын еске салды.
Алаңда балалар тек акцияға қатысып қана қоймай, сонымен қатар жекпе-жек өнерінің әсерлі элементтері арқылы күштің қатыгездікке емес, қорғауға арналғанын білдіретін белгі екенін көрсетті.
«Шын күш – соққы жасайтын жұдырықта емес, кешіріп, қорғай алатын жүректе. Күш пен спорт – агрессия тудырмайды, керісінше тән мен рухты шыңдайды», – дейді олардың ұраны.
Полиция мен қоғамның күш біріктіруі – әр адам өзін қауіпсіз және құрметке лайық сезінетін ортаны құру жолындағы маңызды қадам.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Өскеменде заңсыз такси қызметін көрсеткен шетелдік азамат ұсталды
ШҚО облыс орталығында полицейлер заңсыз еңбек қызметін анықтады. Құжаттарын тексеру кезінде жүргізуші жолаушыларды мобильді қосымша арқылы ресми рұқсатсыз тасымалдағаны белгілі болды.
Тексеру барысында көрші мемлекеттің азаматы Қазақстанға келгені және рұқсатсыз жеке көлігімен такси қызметімен айналысқаны, сол арқылы көші-қон және еңбек заңнамасын бұзғанын көрсетті.
Аталған факті бойынша әкімшілік іс қозғалып, құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында заңсыз жұмыс істеген 30-дан астам шетелдік азамат анықталған. Сот шешімімен олардың әрқайсысына 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, жұмыс берушілер де жауапқа тартылып, оларға 30 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
ШҚО полициясы ескертеді: тиісті құжаттарсыз еңбек қызметін жүзеге асыру Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу болып табылады және заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Полиция – әрдайым жаныңда: ШҚО Полиция департаментінде өткен жарқын Ашық есік күні
Шығыс Қазақстан облысында «Қазақстан балалары» республикалық бағдарламасы аясында Полиция департаментінің қызметкерлері Жас қазақстандықтар үшін жарқын әрі мазмұнды Ашық есік күнін ұйымдастырды. Шараға кадет сыныптарының тәрбиеленушілері мен қамқорлықтағы мектеп оқушылары – жалпы саны екі жүзге жуық бала қатысты. Бұл күн олар үшін шын мәнінде ұмытылмас әсерге толы болды.
Балалар құқық қорғау саласының күнделікті тыныс-тіршілігін ішінен көріп, полиция қызметкерлерінің батыл да жауапты еңбегіне куә болды. Көрермендерге саперлер мен қызметтік иттермен бірге жұмыс істейтін кинологтар, сондай-ақ арнайы жасақ сарбаздарының шебер көрсетілімдері ұсынылды. Жас қонақтар бұл қойылымдарды таңдана тамашалап, нағыз ерлік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрді.
Сонымен қатар заманауи техника көрмесі мен оқу қаруымен өткізілген тәжірибелік сабақтар балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Инструкторлардың қадағалауымен өткен бұл іс-шарада балалар тәртіп сақшыларының қызметінің қыр-сырын біліп, түрлі сұрақтар қойып, ашық әңгімелесті.
Күннің жалғасы спорттық сайыстарға ұласты: шахмат пен үстел теннисінен өткен турнирлерде оқушылар өз шеберліктерін, табандылықтары мен командалық рухтарын көрсетті. Жеңімпаздар түрлі марапаттарға ие болды.
Бұл іс-шара балалардың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, полиция қызметкерлерімен жылы қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер жас буынның бойында заңға деген құрметті қалыптастырып, Отанға адал қызмет етуге деген ұмтылысты оятады.
Күн мейірімге, сенімге және болашаққа деген үмітке толы көңіл-күймен өтті. Себебі нағыз күш — келер ұрпаққа қамқорлық жасауда.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
ШҚО-да полицияның қолдауымен жасөспірімдер арасында футбол турнирі өтті
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы мен «Полиция – балалар қорғаушысы» бағыты бойынша Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция қызметкерлері балалар мен жасөспірімдер арасында футбол турнирін ұйымдастырды.
Турнирдің негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жасөспірімдердің командалық рухын қалыптастыру, патриоттық құндылықтарды дәріптеу және полиция мен жастар арасындағы өзара түсіністікті нығайту болды.
Жарысқа қатысқан жас спортшылар ұйымшылдық пен жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Ойын достық әрі жылы атмосферада өтіп, қауіпсіздік пен адал ойын қағидаттарына ерекше мән берілді.
Турнир қорытындысы бойынша барлық командалар дипломдармен, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жеңімпаздарға арнайы жүлделер табыстады. Атап айтқанда, «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік шабуылшы» номинациялары бойынша жекелей марапаттарға ие болды.
Тәртіп сақшылары турнирді ұйымдастырумен қатар, қатысушыларға жанкүйер болып, тәлімгерлік қолдау көрсетті. Олар жас жеткіншектерге спорттағы тәртіп пен әділдіктің маңыздылығын ұғындырды.
Бұл турнир – балалар мен жастарға сенімділік сыйлап, олардың дамуына оң ықпал ететін маңызды шаралардың бірі болды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
ШҚО-да арнайы техникамен заңсыз алтын өндіру фактісі анықталды
ШҚО ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өңір аудандарының бірінде бағалы пайдалы қазбаларды заңсыз өндірген адамдар тобын анықтады.
Заңсыз әрекеттерді толық тіркеу мақсатында жедел уәкілдер ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппаратын пайдаланып, заңсыз жер жұмыстарын жүргізілген жердің нақты орнын анықтады. Жедел іс-шаралар нәтижесінде құқық бұзушылық орнында алты адам ұсталды.
Тергеу әрекеттері барысында бір экскаватор, үш металл іздегіш құрылғы, екі автокөлік және топырақ үлгілері алынды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жерасты ресурстарына келтірілген залалдың мөлшерін анықтау үшін тиісті сараптама тағайындалды.
Айта кететіні мұндай заңсыз әрекеттер тек мемлекет экономикасына ғана емес, сондай-ақ өңірдің экологиялық жүйесіне – флора мен фаунаға, табиғи ландшафтқа да елеулі зиян келтіреді.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырып, кез келген заңсыз әрекет туралы «102» нөміріне хабарлауды сұрайды. Табиғи байлықтарымызды қорғайтын тиімді күрес тек бірлескен күш-жігер арқылы мүмкін болады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі