
Темір тордың артындағы тағдыр: ШҚО студенттеріне сотталғандармен кездесу ұйымдастырылды
Бір сәт көз алдыңызға елестетіңіз: студенттердің бір тобы жарқын болашақ пен жазғы демалысын жоспарлап жүрсе, олардың қатарластары темір тордың арғы жағынан мессенджердегі бір ғана хабарламаның кесірінен арман-мақсаттарының қалай күл-талқан болғанын айтып берді.
Шығыс Қазақстан облысында кезекті профилактикалық іс-шараның орнына шынайы әрі ашық диалог ұйымдастырылды.
Қ. Нұрғалиев атындағы Жоғары колледж студенттері есірткі саудасы үшін жазасын өтеп жатқан азаматтармен телекөпір арқылы бетпе-бет кездесіп, қатал шындыққа куә болды.
Бұл кезекті насихат емес, «оңай олжаның» арты жылдар бойы оқшаулануға қалай әкеп соқтырғаны туралы айтылған жан сыры еді. Сотталғандардың әрқайсысы кезінде өзін өзгелерден пысық санап, «есірткі жасырушы» жұмысын тез ақша табудың жолы деп ойлаған. Алайда, бәрінің соңы бірдей аяқталды: қолға кісен салынды, сот үкімі оқылды және жастық шақ зая кетті.
Мұндай ашық мойындаулар бірінші және екінші курс студенттеріне заң кодекстерінің баптарынан да әлдеқайда қатты әсер етті.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі Аян Құрманғалиев, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасының міндетін атқарушы Эльмира Нурсеитова, сондай-ақ прокуратура мен Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері бүгінгі таңда желідегі анонимділік жай ғана миф екенін түсіндірді. Қазіргі заманауи іздестіру әдістері есірткі саудасымен айналысатындарды лезде анықтауға мүмкіндік береді, ал ол үшін тағайындалатын жаза өте қатал.
Мұндай тікелей сұхбат форматы студенттерді терең ойға қалдырды. Олар телефондағы бір ғана қате таңдау жас маманның болашағына балта шауып, оны қылмыскер деген атпен өмір сүруге мәжбүр ететінін ұғынды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
ШҚО Полиция департаменті құқықтық тәртіпті нығайту бойынша басым міндеттерді белгіледі
Бүгін Департаменттің саптық алаңында ШҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбековтің жетекшілігімен гарнизондық жиын өтті.
Заңдылықты, тәртіпті және қызметкерлердің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Арнайы және кәсіби даярлығы басқармасы қоғамдық тәртіпті күзетуге түсетін жеке құрамға нұсқаулық жүргізді.
Облыстың бас полицейі жеке құрам алдында сөйлеген сөзінде:
«Заң барлық жерде және бәріне ортақ орындалуы тиіс — бұл біздің басым міндетіміз. Полиция тәртіп пен жинақылықтың үлгісі болуы қажет»,- деп атап өтті.
Жиын барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ойын-сауық мекемелерінде түнгі рейдтер жүргізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ, тұрғындарға ағымдағы жылдың 2 наурызында күшіне енген «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» Заңның талаптарын жеткізу тапсырылды.
Сонымен қатар, қызметке жауапкершілікпен қарау және заңдылықты қатаң сақтау қажеттілігі айтылды.
Гарнизон соңында полицейлер салтанатты маршпен жүріп өтіп, өз бағыттары мен қызметтік учаскелері бойынша қоғамдық тәртіпті күзетуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кірісті.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
ШҚО ПД-да жас қызметкерлер үшін Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналған «Ерлік сабағы» өтті
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаментінде Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың туған күніне орайластырылған «Ерлік сабағы» ұйымдастырылды. Жеке құраммен жұмыс басқармасының бастамасымен өткен бұл іс-шара ПД мұражайында өтіп, оған қызметке жаңадан қабылданған жас мамандар қатысты.
Мұражай меңгерушісі Бақытгүл Төбиқызы тақырыптық кездесу барысында батырдың өмір жолы мен қызметтік белестері туралы баяндады. Қатысушыларға Ғазиз Байтасовтың кәсіби салаға алғаш қадам басқан кезінен бастап, 2011 жылғы 12 қарашада Тараз қаласында орын алған қайғылы оқиғаға дейінгі өмірбаяны таныстырылды. Мазмұнды дәріс слайд-презентациямен және мұрағаттық материалдармен толықтырылды.
Кездесуде офицердің ерен ерлігіне ерекше тоқталып өтті. Лаңкестің өзін-өзі жару қаупі туындаған сын сағатта полиция капитаны Ғазиз Байтасов еш ойланбастан, өз өмірін қию арқылы үлкен қасіреттің алдын алып, бейбіт тұрғындарды құтқарып қалды. Оның бұл қадамы — ерліктің, антқа адалдықтың және кәсіби парыздың айқын үлгісі.
Шара барысында жас қызметкерлерге ішкі істер органдарындағы қызметтің темірдей тәртіпті, жауапкершілікті және азаматтарды қорғауға әрдайым дайын болуды талап ететіні ескертілді.
Бұл «Ерлік сабағы» жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі маңызды қадам болып табылады. Ғазиз Байтасовтың есімі — батылдық пен намыстың, Отанға деген адалдықтың символы ретінде ел есінде мәңгі сақталады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Тауар несиесі қарызға айналды: Өскеменде алаяқтық фактісі ашылды
Өскемен қ. ПБ Үлбі полиция бөлімінің кезекші бөліміне 22 жастағы қала тұрғыны бұрынғы әріптесі мен олардың ортақ таныстарының оны алдап кеткенін айтып жүгінген. Жәбірленушінің айтуынша, күдіктілер оның сеніміне кіріп, өз атына ірі көлемде тауар несиесін рәсімдеуге көндірген.
Тергеу барысында анықталғандай, өткен жылдың қараша айында күдіктілердің бірі қаржылық қиындықтарға тап болғанын айтып, жәбірленушіден көмек сұраған. Ол танысының атына рәсімделген несиені үш ай ішінде болашақ табысы есебінен толық жауып беретініне уәде еткен.
Уәдеге сенген азамат банктың мобильді қосымшасы арқылы өз атына тауар несиесін рәсімдеп, екі смартфон мен оларға арналған аксессуарлар сатып алған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 2 миллион теңгеден асты. Несие берілгеннен кейін, олар тауарды қолма-қол ақшаға айналдырған. Ақшаны алған соң күдікті байланысқа шықпай, несие төлеу бойынша міндеттемелерін орындамаған.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті кінәсін мойындады.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті азаматтарды сақ болуға және үшінші тұлғалардың өтініші бойынша, тіпті таныс немесе әріптес болса да, өз атына несие рәсімдемеуге шақырады. Мұндай әрекеттер үлкен қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ерлік — елге мұра: ШҚО ПД-да Ғазиз Байтасовты еске алды
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаментінде Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың туған күніне орайластырылған еске алу іс-шарасы өтті. Жиынға жеке құрам және қызметке жаңадан қадам басқан жас полицейлер қатысты.
Тәртіп сақшылары 2011 жылы 12 қараша күні Тараз қаласында болған қайғылы оқиғаны еске алды. Сол күні полиция капитаны Ғазиз Байтасов теңдесіз ерлік көрсетті: жарылыс қаупін сезген ол еш ойланбастан лаңкесті өз денесімен жауып, бейбіт тұрғындарды аман алып қалды. Өз өмірін қия отырып, офицер ондаған адамның өмірін сақтап қалды және өз есімін антқа адалдық пен қызметтік борышқа беріктіктің символы ретінде тарихқа мәңгілікке жазды.
Аңызға айналған әріптестерінің туған күніне орай Департаменттің акт залында «Капитан Байтасов» көркем фильмі көрсетілді. Нақты ерлікке негізделген кинотуынды жиналғандарға рухтың асқақтығын, жанқиярлық пен офицерлік намысты тағы бір паш етті.
Полиция қызметкерлері үшін бұл фильм патриотизм мен қызметке адалдықтың маңызды сабағына айналды. Ғазиз Байтасовтың төзімділігі мен қайсарлығын үлгі тұтқан Шығыс Қазақстан полицейлері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет етуде. Оның ерлігі — әрбір құқық қорғаушы үшін батылдық пен Отанға деген сүйіспеншіліктің мәңгілік темірқазығы.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Шығыс Қазақстан полицейлері әскери-техникалық мектептің тыңдаушыларымен кездесу өткізді
«Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ШҚО Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы мен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері әскери-оқытылған резерв және әскери-техникалық мамандарды даярлау бағдарламасының тыңдаушыларымен диалог алаңын өткізді.
Іс-шара облыстық жастар орталығы мен Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлерінің қатысуымен әскери-техникалық мектеп базасында өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқыққа қайшы әрекеттерге мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру және заң талаптарына деген құрметті нығайту болды.
Ашық диалог барысында полиция қызметкерлері қатысушылармен интернет-алаяқтық, «дропперлік» деп аталатын әрекеттерге тартылу, сондай-ақ есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты тәуекелдер мәселелерін талқылады.
Практикалық аспектілерге ерекше назар аударылды: қатысушыларға қылмыстардың ең кең таралған схемалары, сақтық шаралары және құқыққа қайшы әрекеттерге қатысудың құқықтық салдары түсіндірілді.
Еркін форматтағы кездесуде жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерді талқылап, пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды.
Кездесу соңында полицейлер заңды сақтау және әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі шарттары екенін атап өтті.
ШҚО ПД баспсөз қызметі
Ішімдіктен таза аймақ: Тарбағатай ауданында тағы бір ауыл «Ішімдіксіз ауыл» қозғалысын қолдады
Шығыс Қазақстан облысында құқық бұзушылықтың алдын алуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған «Ішімдіксіз ауыл» бастамасы жалғасын табуда.
Бұл бастаманы кезекті болып Тарбағатай ауданы, Маңырақ ауылдық округіне қарасты Бозша ауылы қолдады. Осылайша, бұл елді мекен өңір бойынша алкогольдік өнімдерді сатудан толықтай бас тартқан 26-шы ауыл болды.
Игі істің бастаушысы - жергілікті жастар ауыл ақсақалдары мен қарияларына ұсыныс тастаған. Бұл шешімді ауыл тұрғындары бірауыздан қолдаған.
Бозша ауылында 154 адам тұрады, 60-қа жуық үй бар. Ауыл өзінің спортшы жастарымен және белсенді қоғамдық ұстанымымен танымал. Мұнда тұрақты түрде спорттық іс-шаралар өткізіліп тұрады, ал салауатты өмір салты — ауыл тұрғындары өмірінің маңызды бөлігі.
Мамандардың айтуынша, ішімдік сатуға шектеу қойылған елді мекендерде құқық бұзушылық деңгейі, соның ішінде мас күйінде жасалатын қылмыстар азайған. Сондай-ақ, отбасылық-тұрмыстық жанжалдар мен ұсақ бұзақылық фактілерінің де төмендегені байқалады.
Егер 2025 жылы өңірде 21 «ішімдіксіз ауыл» болса, биыл олардың саны 26-ға жетті.
Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті атқарушы органдармен, қоғамдық кеңестермен бірлесе отырып және полицияның қолдауымен жүргізілуде және алдағы уақытта да жалғасады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Есірткіге — ЖОҚ деп айт: ШҚО-да мектеп оқушылары арасында волейбол турнирі өтті
Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде 2009–2010 жылы туған жасөспірім ұлдар арасында волейболдан аудан біріншілігі өтті. Турнир «Есірткіге — жоқ деп айт!» ұранымен ұйымдастырылып, ауданның әртүрлі елді мекендерінен келген командаларды біріктірді. Жарысқа Айыртау, Сағыр ауылдарының, Асубұлақ кентінің командалары, сондай-ақ Қасым Қайсенов кентінен екі команда қатысты.
Ойын алаңында нағыз тартысты бәсеке өтті. Командалар жақсы дайындықтарын, ұйымшылдықтарын және жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Жанкүйерлер ойыншыларды белсенді түрде қолдап, жарыстың нағыз спорттық мереке атмосферасында өтуіне ықпал етті.
Іс-шараны облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ұлан ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебімен бірлесіп ұйымдастырды. Турнирдің басты мақсаты — тек жарыс өткізу ғана емес, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
Ойындар арасындағы үзілістерде полицейлер жасөспірімдермен профилактикалық әңгімелер өткізіп, есірткінің зияны туралы, спортпен шұғылданудың, мақсат қойып, белсенді өмір салтын ұстанудың маңыздылығы туралы айтып берді. Қатысушыларға ақпараттық жадынамалар да таратылды.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді:
1 орын – Қасым Қайсенов кентінің бірінші командасы;
2 орын – Асубұлақ кенті;
3 орын – Сағыр ауылы.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер естелік сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл күні тек мықты команда ғана емес, салауатты әрі белсенді өмір салтының ұраны жеңіп шықты.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Есірткіні ерекше тәсілмен пайдаланған: Шемонаиха ауданында 4 келіден астам марихуана тәркіленді
Шемонаиха ауданында полицейлер есірткі заттарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау фактісін анықтады.
ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, 31 жастағы жергілікті тұрғынның бірнеше ай бойы жабайы өсетін қарасораны жинаумен айналысқанын анықтаған.
Ер адам өсімдікті ауданның шет жағынан жинап, оны тұрғылықты мекенжайында сақтаған. Оның айтуынша, есірткі затын жеке пайдалану үшін қалдырған. Сонымен қатар, ол оны ерекше тәсілмен қолданған — термиялық өңдеуден кейін тағамдарға қосып отырған.
Жеке тұрғын үй мен шаруашылық құрылысына жүргізілген тінту барысында полицейлер өсімдік тектес кептірілген зат салынған төрт полиэтилен пакетін тапты. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 4 келіден асатын кептірілген марихуана болып шықты.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Полицейлер есірткі заттарын сақтау мақсатына қарамастан заңсыз болып табылатынын, ол қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады және адамның болашақ өміріне кері әсерін тигізетінін ескертеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Алимент төлемеген өскемендіктің жол талғамайтын көлігі тәркіленді
Өскемен қаласында өткізілген рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері алимент төлеу бойынша сот міндеттемелерін орындаудан жалтарып жүрген облыс орталығының 42 жастағы тұрғынын анықтаған. Оның бала алдындағы жалпы берешегі шамамен 2,5 миллион теңгені құраған.
Сот шешімі болғанына қарамастан, ер адам заңмен белгіленген міндеттемелерін елемей, ұзақ уақыт бойы қарызын өтеуге ешқандай әрекет жасамаған. Соның салдарынан оған қатысты мәжбүрлеу шаралары қолданылды.
Тексеру барысында борышкерге тиесілі Toyota Land Cruiser Prado маркалы көлігі анықталды. Бұрын салынған шектеулерге сәйкес, автокөлік ұсталып, мамандандырылған тұраққа қойылды. Көлік құралы алимент бойынша берешек толық өтелгенге дейін сол жерде болады.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті мұндай шаралар, ең алдымен, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ сот шешімдерінің орындалу бұлжымастығын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Жыл басынан бері өңір аумағында сот актілерін орындаудан жалтарған 45 борышкер анықталса, оның ішінде 28 — алимент бойынша берешегі барлар. Олардың әрқайсысына қатысты қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылдануда.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті сот шешімдерін орындаудан жалтару әкімшілік және өзге де жауапкершілікке, сондай-ақ мүлікті қамауға алу мен құқықтарды шектеу сияқты мәжбүрлеп өндіру шараларына әкеп соғатыны туралы ескертеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі