Руслан Сейтқанов Марқакөл ауданы полиция бөлімінің бастығы болып тағайындалды
Ішкі істер министрінің бұйрығымен Марқакөл ауданы полиция бөлімінің бастығы лауазымына полиция майоры Сейтқанов Руслан Нұрланұлы тағайындалды.
Руслан Нұрланұлы құқық қорғау органдарында 2009 жылдан бері қызмет етуде. Мансаптық жолын Өскемен қаласы ІІБ қылмыстық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі ретінде бастаған. Қызмет атқарған жылдар ішінде ол жедел қызметте мол тәжірибе жинақтап, өзін жоғарғы білікті және жауапты қызметкер ретінде таныта білген.
Бұған дейін Марқакөл ауданы полиция бөлімінің бастығының орынбасары қызметін атқарған.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Руфат Қажымқанов ШҚО ПД бастығының орынбасары болып тағайындалды
Ішкі істер министрінің бұйрығымен Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымына полиция полковнигі Руфат Қажымқанұлы тағайындалды.
Руфат Қажымқанұлы 10 ақпанда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 2004 жылы ҚР ІІМ Академиясының заңгерлік институтын тәмамдаған.
Құқық қорғау органдарындағы қызметін Үржар ауданы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінде учаскелік инспектор ретінде бастаған. 25 жыл ішінде ол жедел іздестіру және әкімшілік бөлімшелерде әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарған. 2022 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің штаб басқармасының бастығы лауазымында жұмыс істеген.
Жаңа қызметінде ШҚО ПД тылды қамтамасыз ету мәселелерін үйлестірумен айналысатын болады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Рифхат Тауфиков ШҚО ПД бастығының орынбасары болып тағайындалды
Ішкі істер министрінің бұйрығымен Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымына полиция полковнигі Тауфиков Рифхат Шафихұлы тағайындалды.
Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген Рифхат Шафихұлы «Әділет» құқық жоғарғы мектебін тәмамдаған. Құқық қорғау органдарында 2005 жылдан бері қызмет етіп келеді.
Еңбек жолын ШҚО ІІД Жол полициясы басқармасының тіркеу-емтихан бөлімінің мемлекеттік автоинспекторы қызметінен бастаған. Кейіннен әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарып, тіркеу-емтихан жұмысы бөлімінің бастығы, ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының орынбасары қызметтерін атқарды. 2022 жылдан бастап Абай облысы Әкімшілік полиция басқармасының бастығы болып жұмыс істеген.
2023 жылдың тамыз айында ШҚО ПД бастығының орынбасары болып тағайындалып, тылды қамтамасыз ету мәселелерін үйлестірген.
Жаңа қызметінде Тауфиков Рифхат Шафихұлы әкімшілік қызметтердің жұмысын бақылауға жауапты болады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Төкенов Алмаз ШҚО ПД бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалды
Ішкі істер министрінің бұйрығымен Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары лауазымына полиция полковнигі Төкенов Алмаз Тілегенұлы тағайындалды.
Ол құқық қорғау органдарындағы қызметін 1999 жылы Петропавл қаласы ІІБ қылмыстық іздестіру бөлімшесінің жедел уәкілі ретінде бастаған. Кейінгі жылдары Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелерінде, сондай-ақ ІІМ орталық аппаратында басшылық лауазымдарды атқарып, жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды ашу саласында маманданған.
Қылмыстық іздестіру бөлімшелерін басқару және жедел іздестіру жұмыстарын жүргізу бойынша мол тәжірибесі бар. 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап ШҚО ПД бастығының орынбасары қызметін атқарған.
Төкенов Алмаз ШҚО ПД жедел қызметтердің жұмысын үйлестіруді жалғастыратын болады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Спорт, бірлік, демалыс: полицейлер табиғат аясында белсенді демалыс өткізді
Полиция департаментінің басшылығы ауданның үздік қызметкерлері үшін көркем Сібе көлдерінде ұмытылмас спорттық демалыс ұйымдастырды. Бұл демалыс күні нағыз командалық рухтың, әділ бәсекелестік пен достық қарым-қатынастың мерекесіне айналды.
Полицейлер коньки теуіп, хоккей ойнап, балық аулау сайыстарына қатысып, түрлі спорттық жарыстарда өз күштерін сынады. Барлық шаралар ұжымдық ауызбіршілікті нығайтуға және салауатты өмір салтын дәріптеуге бағытталды.
Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков:
«Қызметкерлер өз міндеттерін сапалы орындауы үшін жақсы жұмыс процесімен қатар, күш-жігерін қалпына келтіріп, жаңа жетістіктерге жігерлендіретін жақсы демалыс та қажет», - деп осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Спорттық демалыс уикенді барлық қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, кәсіби байланысты нығайтып, жыл бойына жететіндей күш-қуат берді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
ШҚО ПД Тәлімгерлер кеңесі 2024 жылғы жұмысты қорытындылап, 2025 жылға жоспарларды нақтылады
Бүгін Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде Тәлімгерлер кеңесінің пленарлық отырысы өтті. Қатысушылар өткен жылдың жұмыс нәтижелерін талқылап, болашаққа жоспарланған негізгі міндеттерді айқындады. Іс-шараға жеке құрам, жас құқық қорғау қызметкерлері мен олардың тәлімгерлері қатысты. Кездесу барысында ішкі істер органдарының ардагерлеріне ШҚО ПД бастығының атынан алғысхаттар табысталды.
Тәлімгерлік қызмет ІІМ жүйесінде маңызды рөл атқарады, себебі, бұл жас мамандардың қызметке жылдам бейімделуіне және кәсіби дағдыларды меңгеруіне көмектеседі. «Профилактика жылы» барысында жас қызметкерлерді даярлауға, олардың білім алуына және жоғары кәсіби стандарттарды қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Ішкі істер органдарының ардагерлері білім мен тәжірибені жастарға жеткізу процесінде белсенді атсалысуда.
ШҚО ПД бастығының орынбасары, полковник Серік Манапов тәлімгерлердің еңбегі – білікті әрі жауапты полиция құрамын қалыптастырудың негізі екенін атап өтті. Ол ардагерлерге құқық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлестері үшін ризашылығын білдіріп, тәлімгерлік қызметтің жас мамандарға кәсіби шеберліктерін жетілдіріп қана қоймай, заңдылық пен қызметтік тәртіп қағидаларын нығайтуға да көмектесетініне ерекше мән берді.
2025 жылы Тәлімгерлік кеңес жас полицейлерді қолдау бағдарламасын одан әрі дамытып, оның ауқымын кеңейтуді және кадр даярлау тиімділігін арттыруды жалғастыруда.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
ШҚО-да жаңа заңнама талаптарына сәйкес алғашқы мопедтер тіркелді
ШҚО-да алғашқы мопедтер тіркеуден өтті. Олардың бірі апта басында ресімделсе, тағы екеуін Өскемен тұрғыны есепке қойған. Барлық мопед иелеріне тіркеу куәлігі мен мемлекеттік нөмірлік белгілер берілген. Бұл туралы ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Игорь Клишин Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.
Ағымдағы жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестірілетін болғандықтан, бұл белгілі бір ережелерді сақтауды талап етеді.
Аталған өзгеріс, әсіресе көлік құралдарын пайдаланушы азаматтар үшін маңызды жаңалық болып отыр.
- Енді аталған көлік құралдарын пайдалану үшін келесі шарттарды орындау қажет: полицияда мемлекеттік тіркеуден өту, A, A1 немесе B санатындағы жүргізуші куәлігіне ие болу, техникалық байқаудан өту, сондай-ақ азаматтық-құқықтық жауапкершілік сақтандыру полисіне ие болу, – деп атап өтті ШҚ ПД процестік орталығының бастығы, полиция подполковнигі Алмазбек Жайшибеков.
Мопедтерді тіркеу Өскемен қаласының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) жүргізілуде. Көлік құралын тіркеу үшін жеке куәліктің болуы, техникалық паспорт немесе көлік құралының сипаттамалары көрсетілген құжаттардың болуы, өтініш толтыру, мопедті тексеруден өткізу, мемлекеттік баж салығын төлеу қажет.
Жаңа заңнамалық өзгерістер күшіне енгеннен кейін, тіркелмеген мопедті басқару және жүргізуші куәлігісіз жүру қатаң тыйым салынатын болады. Полиция өкілдері азаматтарға алдын ала тіркеуден өту және қажет болған жағдайда автомектептерде оқып шығуды ұсынады. Көлік құралын ресми тіркеу процесі тек айыппұлдардан қорғап қана қоймай, жаңа мотомаусымның қауіпсіз басталуына кепілдік береді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Шығыс Қазақстанда тыныштық бұзушылардың саны азайды
Шығыс Қазақстан облысында 2025 жылдың қаңтар айында тыныштықты бұзғаны үшін 264 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың төртеуі – кәмелет жасына толмағандар. Алайда полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай жағдайлар реті едәуір азайған: себебі, өткен 2024 жылдың қаңтар айы кезінде 368 құқықбұзушылық тіркеліп, оның 11-ін жасөспірімдер жасаған еді.
Өскемен қаласында жақында ғана ұқсас оқиға орын алған. Жас бозбала ата-анасының үйде жоқтығын пайдаланып, көңілді кеш ұйымдастырып, достарын үйіне шақырған. Дарылдаған музыка мен шулаған қонақтар көршілердің тыныштығын бұзып, олар полиция шақыруға мәжбүр болған. Нәтижесінде, жас жігіт пен оның заңды өкілдері жауапкершілікке тартылды.
Құқық қорғау органдары тыныштық сақтау – тек заң талабы емес, айналадағы адамдарға деген құрмет көрсету екенін еске салады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
«Тұрмыс» ЖПІШ: ШҚО полициясы отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында 770-тен астам құқық бұзушылықты анықтады
2025 жылдың 20-шы қаңтарынан 29-шы қаңтар аралығында Шығыс Қазақстан облысында отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастарға байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында республикалық «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілген болатын.
Рейд барысында тәртіп сақшылары үш мыңға жуық азаматты тексерді. Нәтижесінде 778 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, оның 166-сы отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы заңбұзушылықтарға қатысты.
Профилактикалық шаралар барысында отбасылық жанжалдарға бейім 185 азамат есепке алынған. Оларға қатысты жәбірленушілерге жақындауға және зорлық-зомбылық жасауға тыйым салатын қорғау ұйғарымдары шығарылды. Алайда 37 адам аталған шектеулерді бұзып, жауапкершілікке тартылды.
Соттың шешімімен алкогольдік ішімдік ішуге және отбасында зорлық-зомбылық жасауға тыйым салынған 81 заң бұзушыға қатысты «ерекше талаптар» қойылды. Алайда, бұл талаптарды да орындамаған 37 азамат ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
10 күндік жедел профилактикалық іс-шара барысында 240-тан астам әйел психологиялық көмек алу үшін дағдарыс орталықтарына жіберіліп, 11 жәбірленуші уақытша тұруға арналған баспанада орналастырылды.
Полицияға 30 жастағы әйел күйеуінің мас күйінде зорлық-зомбылық көрсеткені жайлы арызданған. Тәртіп сақшылары жәбірленушіні дағдарыс орталығына жіберіп, ал құқық бұзушыны сот белгілеген арнайы талаптарды орындамағаны үшін жауапкершілікке тартты. Қазіргі уақытта материалдар сотқа жолданып, заң бұзушыға 10 тәулікке қамау жазасы төніп тұр.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ЖПІШ өткізілген кезеңде 151 әйел көмек сұрап жүгінген.
Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін жасырмауға шақырады. Егер де сіз немесе сіздің жақындарыңыз отбасында агрессияға тап болсаңыздар, үнсіз қалмай көмекке жүгініңіздер. Зорлық-зомбылық туралы әрбір хабарлама маңызды, ал уақытылы қағылған дабылдың арқасында қайғылы жағдайды болдырмау мүмкіндігі әрқашан да жоғары.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
ШҚО-да қос азаматтығы бар анасы мен қызы анықталды
Шығыс Қазақстанда полиция қызметкерлері екі жергілікті тұрғынға қатысты қос азаматтық фактісін анықтады.
Белгілі болғандай, олар өткен жылдың желтоқсан айының басында шет мемлекеттің азаматтығын алып, алайда белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасының көші-қон қызметіне хабарламаған. Дегенмен, бұл құқықбұзушылық екі ай өткеннен кейін, анасы мен қызы зейнетақы жинақтарын алу үшін ХҚКО-ға өз бетімен жүгінген кезде анықталған, - деп хабарлайды ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Сот қаулысымен олар Қазақстан Республикасының азаматтық туралы заңнамасын бұзды деп танылды. Нәтижесінде анасына 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, ал қызы әкімшілік жолмен елден шығарылды.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, 2025 жылдың қаңтар айының өзінде облысымызда қос азаматтығы бар жеті адам анықталған.
Құқық қорғау органдары Қазақстан заңнамасына сәйкес, басқа елдің азаматтығын алған азаматтар 30 күн ішінде бұл туралы көші-қон қызметіне хабарлап, бұрынғы азаматтығын растайтын құжаттарын тапсыруы қажет екенін ескертеді. Аталған талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын естен шығармаңыздар.
ШҚО ПД баспасөз қызметі