
Ұлытау ауданында жастардың басын қосқан ерекше форматтағы "Заң мен тәртіп: адалдық, қауіпсіздік, болашақ" форумы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz. Ауқымды іс-шараға полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы, құқық қорғау органдарының өкілдері, жергілікті әкімдік пен 300-ге жуық мектеп оқушысы қатысты. Форум әдеттегі кездесуден гөрі ашық пікір алаңына айналды. Жастар қоғамдағы қауіпсіздік, интернет-алаяқтықтың алдын алу, зиянды әдеттерден сақтану, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру секілді маңызды тақырыптар төңірегінде ой бөлісіп, мамандарға тікелей сұрақтарын қойды.
Іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі — кинология қызметінің көрсетілімі болды. Қызметтік иттердің шеберлігі мен тәртіп сақшыларымен үйлесімді әрекеті оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Форум барысында қызықты ойындар ұйымдастырылып, белсенді қатысушылар марапатталды. Еркін форматта өткен кездесуде жастар мен құқық қорғау органдары арасында ашық диалог орнап, адалдық пен қауіпсіздік құндылықтарының маңызы кеңінен насихатталды. "Заң мен тәртіп" форумы — жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, саналы қоғам қалыптастыруға үндейтін маңызды алаңға айналды.