Өңірде «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы рейдтер жалғасуда

Өңірде «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы рейдтер жалғасуда

Елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында өңір аумағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесінде елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзудың 1127 фактісі анықталды. Сондай-ақ, қоғамдық орындарды ластағаны үшін 100-ге жуық құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Анықталған заң бұзушылықтардың басым бөлігі жеке тұлғаларға қатысты болса, 50-ге жуық әкімшілік материал кәсіпкерлік нысандары мен заңды тұлғаларға байланысты рәсімделген. Қазіргі уақытта полиция нарядтары жеке секторларда, көпқабатты үйлердің аулаларында және халық көп жиналатын демалыс орындарында бақылауды күшейтті. Сондай-ақ, тәртіп бұзушылықтар Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы тәулік бойы қадағалануда. Полиция департаменті азаматтарды тазалықты сақтауға, қоқыс пен құрылыс қалдықтарын тек арнайы белгіленген орындарға тастауға шақырады. Қоғамдық тәртіпке бейжай қарамау — баршамызға ортақ міндет.