Жезқазған–Сәтбаев тасжолында мас күйде жүк көлігін басқарған екі жүргізуші ұсталды

Жезқазған–Сәтбаев тасжолында мас күйде жүк көлігін басқарған екі жүргізуші ұсталды

Ұлытау облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған рейдтік іс-шаралар барысында мас күйде көлік басқарған жүргізушілер анықталды.

Полиция департаментінің Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері 13 наурыз күні сағат 00:24 шамасында «Жезқазған–Сәтбаев» автожолының 14-шақырымында қызмет атқару барысында екі жүк көлігінің жолда күмәнді қозғалып келе жатқанын байқайды. Осыған байланысты тәртіп сақшылары «Shahman» маркалы екі жүк көлігін тоқтатып, жүргізушілерді тексерген.

Тексеру барысында 44 және 57 жастағы жүргізушілердің көлікті жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде басқарғаны белгілі болды.

Ауыр жүк көлігін мас күйде басқару жол қозғалысына қатысушылар үшін аса қауіпті. Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында ықтимал жол-көлік оқиғасының алдын алу мүмкін болды.

Аталған құқық бұзушылықтар бойынша жүргізушілерге қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, іс құжаттары шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Полиция департаменті жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды және алкогольдік ішімдік ішкен жағдайда көлік тізгініне отырмауды ескертеді. Жолдағы қауіпсіздік – әрбір азаматтың жауапкершілігі.