Есірткіге жол жоқ: Жасөспірімдер әлемдік деңгейдегі чемпионмен бірге жаттығу жасады

Есірткіге жол жоқ: Жасөспірімдер әлемдік деңгейдегі чемпионмен бірге жаттығу жасады

Жезқазған қаласындағы Жігер спорт кешені алаңында ерекше форматтағы спорттық іс-шара өтті. Ұлытау облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен өткен кездесу жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.

Шараның басты қонағы – полиция қызметкері, мас рестлинг (таяқ тарту) бойынша V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері Асылмұрат Бірімжан. Ол мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арнап ашық жаттығу өткізіп, спорттың қыр-сырын көрсетті.

Чемпион жастарға тек әдіс-тәсіл үйретіп қана қоймай, есірткінің адам тағдырына тигізетін жойқын зардаптары туралы ашық айтты. Оның сөзінше, нағыз күш — есірткіде емес, ерік-жігер мен таза ақылда.

Іс-шара барысында Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ сарбаздары да кәсіби дайындықтарын паш етіп, жауынгерлік өнер элементтерінен көріністер көрсетті.

Оқушылар мас-рестлинг спортымен жақынырақ танысып, чемпионның бақылауымен өзара күш сынасты. Бұл сәт жас қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Қатысушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастарға үлкен мотивация береді.

Полиция қызметкерлері атап өткендей, осындай форматтағы іс-шаралар жасөспірімдерді жат әдеттерден сақтандырып, оларды спортқа баулуға және салауатты өмір салтын таңдауға ықпал етеді.