Жезқазғанда мас күйінде көлік басқарған тұрғын ұсталды

Жезқазғанда мас күйінде көлік басқарған тұрғын ұсталды

Полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби әрекеттерінің нәтижесінде жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндірген құқық бұзушылық дерегі анықталды.

Кешкі уақытта патрульдеу барысында Жезқазған қаласы Сарыарқа көшесінің бойында жарық құралдарын қоспай жүрген «Lada Priora» маркалы автокөлік тоқтатылды. Жүргізушімен сөйлесу кезінде оның бойынан алкогольдік масаңдық белгілері анықталды.

Көлік жүргізуші медициналық куәландыруға жеткізіліп, дәрігер қорытындысымен оның жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны нақтыланды. Сонымен қатар тексеру барысында жүргізушінің бұған дейін сот шешімімен көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазіргі уақытта тиісті процессуалдық шешім қабылдауға бағытталған қажетті іс-шаралар атқарылуда.