Ұлытауда қауіпсіздік цифрлануда: облыс әкімі ЖБО-ның жаңа мүмкіндіктерімен танысты

Ұлытауда қауіпсіздік цифрлануда: облыс әкімі ЖБО-ның жаңа мүмкіндіктерімен танысты

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен облыстық Полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев облыс орталығындағы Полиция департаментінің жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Соңғы уақытта орталықтың техникалық әлеуеті айтарлықтай кеңейіп, өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті бақылау жаңа деңгейге көтерілген.

Жаңғырту жұмыстары «Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен әріптестік негізінде қамтамасыз етудің 2024–2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүзеге асырылуда. «Заң мен Тәртіп» қағидатына негізделген ЖБО бүгінде Ұлытау облысындағы қауіпсіздіктің негізгі цифрлық жобасына айналып отыр.

Қазір облыс аумағында 3645 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Олар тұрмыстық қатты қалдықтарды бақылауға арналған,мемлекеттік нөмірді танитын,жылдамдық өлшейтін, бет-әлпетті анықтайтын бейнекамералар.
Сондай-ақ қоғамдық орындарда 21 SOS батырмасы орнатылған.

Маңызды жаңалықтың бірі – аумақтық полиция бөліністерінің жедел басқару орталығына қосылуы. Қазіргі уақытта Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жаңаарқа ауданының полиция бөлімдері толықтай ЖБО жүйесіне интеграцияланған. Бұл құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге және полиция жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Бұдан бөлек, өңірдегі барлық мектептердің бейнебақылау камералары орталыққа қосылған. Бұл шешім оқушылардың қауіпсіздігін күшейтіп, ата-аналар мен педагогтер үшін қосымша бақылау тетігін қалыптастырды.

Аймақ басшысы заманауи технологияларды енгізу қоғамдық тәртіпті сақтауда шешуші рөл атқаратынын атап өтіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.