Полицейлер жас сақшылармен бірге 90 жасқа келген тыл ардагерінің алғысын алды

Полицейлер жас сақшылармен бірге 90 жасқа келген тыл ардагерінің алғысын алды
 
Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің бастығы Ердаулет Дарханұлы полиция сыныбының жас сақшыларымен бірге игі іс-шараға мұрындық болды. Яғни «Жасөспірім» іс-шарасы аясында 90 жасқа келген тыл ардагері Оразгүл Каупаеваның шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетті.
Кездесу барысында Ердаулет Дарханұлы: «Бүгінгі мамыражай тыныш өміріміз, елім деп өткен Сіз секілді батыр ата-апаларымыздың жанқиярлығының нәтижесі екені даусыз. Сондықтан Сіздердің еңбектеріңіз бен ерліктеріңізді ешқашан ұмытпаймыз!»-деп атап өтті.
Қазіргі уақытта 18 немере, 25 шөбере, 2 шөпшектің ортасында әулетінің шамшырағы болып отырған әжейдің әдемі жүзін соғыс жылдарындағы талай тарих ізі әжім боп басқандай. Көнекөз кейуана елдің тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшыларына аналық ақ батасын беріп, шынайы ықыласын білдірді.
Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған кездесуде жас сақшыларға өмірлік азық болар әңгімелер айтылды. Өз кезегінде жасөспірімдер осы бейбіт өмірдің оңай келмегенін түсініп, алдағы уақытта бостандықтың қадірін жіті түсініп, тек жақсы жағынан өсіп-өнуге уәде етті.