«Таза Қазақстан»: Жергілікті тұрғын жол бойына 5 тоннаға жуық қи шығарған

«Таза Қазақстан»: Жергілікті тұрғын жол бойына 5 тоннаға жуық қи шығарған
 
Төлеби ауданының полициясы жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында 100-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Яғни ортақ пайдаланылатын орындарды ластаған және белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастаған 67, қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзған және жасыл екпелерді бүлдірген 21 құқық бұзушыға шара көрілген.
Мәселен полиция Киелітас ауылында төрт түлік қиы бір төбе болып жиналған қалдығын байқады. Бірден тексеру шараларын жүргізіп, абаттандыру қағидаларын бұзған жергілікті тұрғынды анықтады. Ол өзінің қорасынан 5 тоннаға жуық қиды шығарып, көше бойына жинап тастаған. Өңір тазалығына нұқсан келтірген тұрғынға заң талаптарына сәйкес айыппұл салынды.
Осы тұста полиция ескертеді: тазалықты әркім өзінен, үйінің, ауласының және жұмыс орнының маңынан бастауы тиіс. Сондықтан баршаңызды қоршаған ортаны таза ұстауға және ластамауға шақырамыз!