Түркістан облысы Полиция департаменті Ақпараттық саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан « Мемлекеттік тіл-менің тілім » атты тіл апталығы аясында «Өнерліге – өріс кең» тақырыбында полицейлер арасында ұлттық аспаптарда ойнау және өз өнерін көрсету байқауы өтті.
Байқау полиция қызметкерлері арасында ұлттық өнердің мәртебесі мен маңызын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ басты мақсат - мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау. Бұл конкурста әділ қазы алқалары полицейлердің аспаптарда ойнауы мен патриоттық әндерді нақышына келтіріп шырқауына баса мән берді.
Түркістан облысына қарасты аудан, қала полициясынан келген 10-нан астам қызметкер қазақтың қара домбырасын, сазсырнайын тартып, әуелетіп ән шырқап, өздері шығарған өлеңдерін оқып, өнерлерін ортаға салды. Сайыс өте тартысты өтті.
Әділ қазылардың шешімімен жүлделі І-орын Бәйдібек ауданынан келіп, домбырамен терме айтып, көрермен көңілінен шыққан Ермек Тұрғанбекұлына берілді. Ал ІІ-орынға Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің инспекторы майор Русланбек Үстеміров лайық деп танылды. ІІІ-жүлделі орын сазсырнай мен домбырада қатар ойнап, ән шырқаған Кентау қаласынан келген полиция аға лейтенанты Бағжан Төреханқызына бұйырды. Жеңімпаздарға жүлделі сыйлықтар мен департамент бастығының Грамотасы табысталды.