2024 жылғы 9 ақпан күні Түркістан қаласында ҚР Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6506 әскери бөлімінің үшінші жедел мақсаттағы батальонының әскери ғимараты ашылды.
Әскери қалашықтың ашылу салтанатына облыс әкімі Д.Сатыбалды, ҚР ІІМ орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Е.Ботақанов, «Оңтүстік» ӨңҚ қолбасшысы Т.Әміреев, сондай-ақ құзырлы құрылым басшылары қатысты.
Жаңа кешеннің ашылу рәсімінде қызыл лентаны өңір басшысы мен Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы кесті. Салтанатты іс-шарада Бас қолбасшы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовке «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» кеуде белгісін табыстады. Бұдан бөлек бірқатар ішкі істер қызметкері алғыс хатпен марапатталды.
ІІМ орынбасары Е.Ботақанов, департамент бастығы М.Қабденов пен облыс әкімі бастаған құрметті қонақтар әскери кешендегі штабта, казармада, автопаркте және саптық алаңда болып, кинология қалашығын, спорт қалашығын, тир ғимаратын аралады. Тир ату залында тапаншадан оқ атып, мергендіктерін танытты.