Полицейлер ғашығының туған күніне сыйлық жасау үшін ұрлыққа барған күдіктіні ұстады

Полицейлер ғашығының туған күніне сыйлық жасау үшін ұрлыққа барған күдіктіні ұстады
Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Әйел адамның айтуынша, оның үйіне белгісіз біреу үйдің терезесін сындыру арқылы кіріп, ағаштан жасалған 80 000 теңге тұратын 4 дана тамақ салуға арналған астауын, құны 200 000 теңге тұратын доңғалақтарын дискілерімен бірге жасырын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келген жалпы шығын көлемі 280 000 теңге. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Полиция қызметкерлері ұрлық қылмысын ашу үшін оқиға орнына жедел жетті. Олар қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды мұқият қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде күдіктінің мекенжайы анықталып, полицейлер жас жігітті 1 тәулікке жеткізбей ұстады. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті бұдан алдын жәбірленушінің үйінде құрылыс жұмыстарын жүргізген болып шықты. Содан жас жігіт қарызын жауып, ғашығының туған күніне сыйлық жасау мақсатында, өзі білетін үйде ешкімнің жоқтығын пайдаланып ұрлыққа түскен. Ол ұрланған бөтеннің мүлкін сатып, бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін, сауда орындарына, ғимараттарға, тұрғын үйлерге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Сонымен қатар ғимараттар мен тұрғын үйлерді ашық қалдырмай, есік-терезелердің жабық болғанына көз жеткізіңіздер. Егерде сіз, ұрлық қылмысының куәсі болсаңыз, полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.