Полицейлер желімдеу орталығынан жүк көлігінің 18 дана доңғалағын ұрлаған ер адамды ұстады

Полицейлер желімдеу орталығынан жүк көлігінің 18 дана доңғалағын ұрлаған ер адамды ұстады
Сайрам аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның өзі жұмыс жасайтын желімдеу орталығынан әрқайсысының құны 40 000 теңге тұратын 18 дана жүк көлігінің доңғалақтарын белгісіз біреу жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 720 000 теңгені құрады. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Сайрамдық полицейлер орын алған ұрлық қылмысын тез арада ашу мақсатында оқиға орнына жедел жетіп, қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аймақтарды түгел тексеріп шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Соның нәтижесінде күдіктінің мекен-жайы анықталып, ол небары 20 минут ішінде өз үйінен ұсталды.
Өз жауабында ұсталған ер адам жеңіл жолмен ақша табу мақсатында осындай қылмысқа барғанын мойындады. Белгілі болғандай, ол жиі өтетін көшелердің біріндегі желімдеу орталығынан қараусыз жатқан доңғалақтарды байқаған. Содан арам ойын іске асыру мақсатында, түнгі уақытта ешкімнің байқамай тұрғанын пайдаланып, күнде 1 доңғалақтан ұрлап отырған. Ұрланған бөтеннің мүлкін сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін, сауда орындарына, ғимараттарға, тұрғын үйлерге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Сонымен қатар ғимараттарды ашық қалдырмай, есік-терезелердің жабық болғанына көз жеткізіңіздер. Егер де, ұрлық қылмысының куәсі болсаңыз, полицияға хабарласыңыз.