Түркістан облысында өзгенің атынан несие рәсімдеген алаяқ ұсталды

Түркістан облысында өзгенің атынан несие рәсімдеген алаяқ ұсталды
Сайрам аудандық полиция басқармасының полицейлері, бөтен біреудің атынан несиелік ұйымдардың бірінен қарыз алған күдікті жас жігітті ұстады.
Нақтырақ айтсақ, кезекші бөлімге жергілікті тұрғындардың бірі алаяқтық қылмысы бойынша шағымданған. Жәбірленуші өз арызында, оның үйіне таныс емес адам келіп, спутниктік теледидарды қайта тіркеп беремін деген сылтаумен, жеке құжаттарын алып кеткенін көрсеткен. Содан кейін алаяқ ұялы телефон арқылы ауыл тұрғынының атынан микроқаржы ұйымдарының бірінен 100 мың теңгеге несие рәсімдегені белгілі болды.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында сайрамдық криминалдық полиция қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, алаяқтық жасады деген күдіктіні ұстады. Ол бұрын сотталған Сайрам ауданының тұрғыны болып шықты. Сезікті оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін полицияға жеткізілді.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Тергеу күдіктінің басқа да алаяқтық әрекеттерге қатысы бар-жоғын анықтайды.
Сіздің мүлкіңізге қылмыстық қолсұғушылықты болдырмау үшін, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуды және бейтаныс адамдарға құжаттарды сеніп тапсырмауға шақырады. Сондай-ақ күмәнді қызметтер ұсынатын бөгде адамдарға жеке деректер мен мүлікті беруге болмайды. Егер, сіз, алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласыңыз.