Түркістанда енесінің телефонын ұрлаған күйеу бала ұсталды

Түркістанда енесінің телефонын ұрлаған күйеу бала ұсталды
Қазіргі таңда ұрылардың көзі соңғы үлгідегі қымбат, бағалы, бөлшектеп сатуға оңай ұялы телефондарға түсуде. Ал полицейлер тарапынан телефон ұрлығын болдырмау мақсатында, түрлі рейдтік іс-шаралар және түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғын әйел арызданды. Ол өз арызында үйінің ішінде, үстел үстінде тұрған ұялы телефонын белгісіз азаматтың жасырын ұрлап кеткенін айтып, көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 80 мың теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді.
Жоғарыда көрсетілген ұрлық қылмысын ізін суытпай ашу мақсатында Түлкібас АПБ-нің қызметкерлерінен арнайы топ құрылып, жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Жақын аймақтарды аралап, бейнебақылау жазбалары тексерілді, нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар күдікті ер азамат анықталып полиция бөліміне жеткізілді.
Белгілі болғандай күдікті ер азамат жәбірленушінің куйеу баласы болып шықты. Күдікті үстел үстінде тұрған телефонды көріп, ешкім байқап тұрмағанына сенімді болып, енесінің телефонын жымқырған. Қазіргі таңда күдіктіге яғни орта жастағы азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуды және жеке мүліктерін қараусыз қалдырмауды ескертеді. Егер сіз осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, шұғыл 102 телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.