Ақжаулықты ана жоғалған жылқыларын тауып берген учаскелік полиция инспекторына ақ батасын берді

Ақжаулықты ана жоғалған жылқыларын тауып берген учаскелік полиция инспекторына ақ батасын берді
Жоғалған жылқыларын 3 күн бойы іздеп таба алмаған әйел, Бәйдібек АПБ-ға хабарласып, көмек сұрады. Оның айтуынша, күн қатты суытып, аласапыран боран болған күні 3 бас жылқысы ұшты-күйлі жоқ болған. Өздіктерімен іздегенмен, оң нәтиже шықпаған.
Тұрғынның малы жоғалғаны жөнінде хабар алған учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Бекзат Лесбек уақыт жоғалтпастан іске кірісті. Өзіне ой-шұқыры жақсы таныс аумақты, оның тау-тасын шарлады. Жылқының иелерімен бірлесіп, бірнеше күн үзіліссіз жұмыс жасады. Жүйелі жүргізілген іздестіру нәтижесінде жылқыларды тапты. Яғни жылқылар 40 шақырым қашықтықта орналасқан көрші жайылымнан табылды. Анықталғандай, ауа райының қолайсыздығы салдарынан жылқылар желдің екпінімен беті ауған жаққа кете берген.
Өз кезегінде ақжаулықты ана Н.Юсупова: «Біздің жылқымыз жоғалып, полицейлерден жәрдем сұрадық. Айналайын, учаскелік инспектор Бекзатымыз, бізге қарасып, бірнеше күн іздеп жүріп сүйінші хабар жеткізді. Үлкен рақмет, жұмысына дән ризамыз. Полицей деген осылай болу керек!»-деп атап өтті.
Мал ұрлығынан сақ болу үшін полицейлер облыс тұрғындарына үй малдарын жайылымда қараусыз қалдырмай, ен-таңба салып, қора-жайларды мықтылап бекітуге кеңес береді. Егер де Сіз, мал ұрлығының куәсі немесе құрбанына айналсаңыз, онда тез арада «102» телефон нөмірі арқылы полицияға хабарласыңыз немесе арызданыңыз.