Түркістан облысының полицейлері автокөлік жүргізушісінен есірткі затын тапты

Түркістан облысының полицейлері автокөлік жүргізушісінен есірткі затын тапты
Кентау ҚПБ-ның полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларын сақтау, қадағалау мақсатында профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп отырады. Тәртіп сақшылар осындай кезекті шара барысында, Кентау қаласы Яссауи даңғылының бойында түнгі сағат 23:30 шамасында жарық шамын жақпай келе жатқан «Ваз 2106» маркалы автокөлікті тоқтатады. Полиция қызметкерлері жүргізушіден аты-жөнін сұраған сәтте, жауап бермеген. Содан соң көлік жүргізушісінің толық жеке бас мәліметін білу мақсатында Кентау ҚПБ-на жеткізген. Осылайша оны тексеру барысында сыртқы киімінің оң жақ қалтасынан 5 сіріңке қорабына салынған хош иісі бар зат шыққан. Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша СДТТБТ-ге тіркеді.
Полицейлер жүргізушінің қалтасынан шыққан өзіндік хош иісі бар затқа сараптама тағайындап, қорытындысына сәйкес 14 гр-ға жуық кептірілген марихуана болып шықты. Сондай-ақ тәртіп сақшылары күдікті азаматтың бұдан алдын ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша сотты болғанын анықтады. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері есірткі қолданып, сатумен айналысу, өсіру, сақтаудың соңы заң алдында қылмыстық жауапқа тартылумен аяқталатынын ескертеді. Сол себепті, жасалған әр қылмыстың жазасыз қалмайтынын естен шығармайық!